Сауда және интеграция министрлігінде отандық тауар өндірушілердің сауда сөрелеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету және ішкі нарықтағы қазақстандық өнімдердің үлесін арттыру мәселелері бойынша кеңейтілген отырыс өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоға сілтеме жасап.
Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаев төрағалық еткен талқылауға 200-ге жуық адам қатысты. Олар мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, отандық өндірушілердің, дистрибьюторлардың, көтерме жеткізуші мен ірі сауда желілерінің өкілдері.
Кеңесте Ішкі сауда қағидаларының жаңа талаптарын іске асыруға баса назар аударылды. Еске салайық, 2026 жылғы 20 қазаннан бастап әрбір тауар санаты мен кіші санаты бойынша сауда алаңының және (немесе) сөре кеңістігінің кемінде 30%-ы отандық азық-түлік және азық-түлік емес тауарларға бөлінуі тиіс. Бұл өзгерістер қазақстандық өнімдердің ассортиментін кеңейтуге және өндірушілердің нарықтағы орнын нығайтуға бағытталған.
«Отандық тауар өндірушілерді қолдау және ішкі нарықта қазақстандық өнімдердің үлесін арттыру - Мемлекет басшысы мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің ерекше бақылауындағы мемлекеттік саясаттың стратегиялық маңызды бағыттарының бірі», – деп атап өтті Ернұр Жәутікбаев.
Сонымен қатар қатысушылар сауда заңнамасының сақталуына қатысты мәселелерді де қарастырды. Атап айтқанда, жеткізушілердің сауда нысандарына қойылатын негізсіз шектеулеріне жол бермеу, сауда желілеріне төленетін сыйақылар бойынша белгіленген шектеулерді сақтау, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесін қолдану мәселелері талқыланды.
Ашық диалог барысында бизнес өкілдері сауда желілерімен өзара іс-қимылға қатысты өзекті мәселелерді көтеріп, қолданыстағы заңнама аясында тиісті түсіндірмелер алды.
Кеңес қорытындысы бойынша белгіленген талаптарды іс жүзінде орындауға және отандық өнімдердің сауда сөрелеріне кедергісіз қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен жұмыстың алдағы бағыттары айқындалды.