Астанада «Заң мен тәртіп» қағидаты және «Астана - есірткісіз қала» бағдарламасы аясында нашақорлықтың зардабы мен есірткіге тәуелділіктен арылу мәселесін көтеретін «Өмірің өз қолыңда» спектаклінің премьерасы өтті. Қойылымды елордалық Музыкалық жас көрермен театры сахналады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Перформанс жанрындағы спектакльдің авторы – Эльдар Тоқтасын, қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.
Қойылымда есірткіге тәуелділіктің адам өміріне тигізетін зардабы, отбасы құндылықтары, жақындардың қолдауы және қиын жағдайдан шығу жолдары көрсетіледі.
Спектакль желісі бойынша жеті жыл бұрын үйінен кетіп, хабарсыз жоғалған Мұратты туған інісі Ералы іздеп табады. Есірткіге тәуелді ағасын құтқару үшін оны емдеу орталығына алып келеді. Сол жерде Мұрат бұрын сүйген қызы Жамалмен қайта кездеседі. Жақындарының қолдауы мен өткен өміріне деген сағыныш оны өз тағдырына жаңаша қарауға жетелейді.

Қоюшы режиссер Асхат Маемировтың айтуынша, бұл – театрдың «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеруге бағытталған үшінші қойылымы.
«Бұған дейін Мәдина Омарованың «SOS» және Қолғанат Мұраттың «Екі ғұмыр» спектакльдерін сахналадық. Жаңа қойылымда нашақорлық мәселесін көтеріп, тәуелділікке тап болған адамға махаббат пен мейірім арқылы көмектесуге болатынын көрсеткіміз келді», – деді Асхат Маемиров.

Спектакльдің негізгі музыкалық арқауы ретінде Қадыр Мырза Әлінің өлеңіне жазылған Сейдолла Бәйтерековтің «Өмірің өз қолыңда» әні таңдалған.
Премьера барысында Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Жандос Сейтенов есірткінің зияны мен нашақорлықтың алдын алудың маңызына тоқталды.
Оның айтуынша, қойылым «Астана - есірткісіз қала» бағдарламасы мен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұсынылып отыр.
Спектакльдің негізгі идеясы - есірткіге тәуелділіктің салдарын көрсету, адам өмірінің құндылығын түсіндіру және қиындыққа тап болған жандарға жақындарының қолдауы қаншалықты маңызды екенін жеткізу.
Еске салайық, бұған дейін астаналық студенттер Оралхан Бөкейдің «Атау кере» шығармасын сахналады.