Теміртауда Toyota автокөлігінің 40 жастағы жүргізушісі полиция қызметкерлерінің тоқтау туралы заңды талабына бағынбай, қашуға әрекеттенді. Алайда көп ұзамай тәртіп сақшылары оны қолға түсірдІ, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға 20 қараша күні сағат 03:30 шамасында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталған. Патрульдік полиция қызметкерлері Toyota автокөлігін тоқтатпақ болған. Алайда жүргізуші олардың талабын орындамай, тұрғын үй алабына қарай қашып кеткен.
Тексеру барысында ер адамнан масаңдық белгілері байқалған. Алайда ол медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан. Аталған фактілер бойынша жүргізушіге қатысты полиция қызметкерінің көлікті тоқтату туралы заңды талабын орындамау және медициналық куәландырудан өтуден бас тарту деректері бойынша әкімшілік материалдар рәсімделді.
«Істі қараған Теміртау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты жүргізушіні 15 тәулікке әкімшілік қамауға алып, 8 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айыру туралы шешім шығарды», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар полицияның тоқтау туралы талабын орындамағаны үшін оған 174 мың теңге айыппұл салынды.
Еске салайық, бұған дейін бес күнде көлік жүргізу құқығынан айырылған 115 адам қамауға алынғаны туралы жаздық.