20 қарашада Астанада кәсіби хореографиялық оқу орындарының «Temps lié» IV халықаралық фестивалі ашылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Фестивальге жетекші балет мектептері, хореография өнерінің белгілі қайраткерлері мен түрлі елдерден келген жас өнерпаздар жиналды.
Фестивальді биыл құрылғанына 10 жыл толған Қазақ ұлттық хореография академиясы ұйымдастырды.

Ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың құттықтау хаты оқылды. Онда министр фестивальдің жас әртістердің кәсіби қалыптасуына, тәжірибе алмасуға және хореография саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосатынын атап өткен. Сондай-ақ жас дарындарды қолдау мен отандық балет мектебін одан әрі дамытуға ерекше мән берілді.
Фестивальге қатысушылар мен қонақтарға құттықтау сөзін Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Бибігүл Нүсіпжанова мен CNPC Central Asia Ltd. бас директоры Ли Шуфэн де арнады.
Фестивальдің алғашқы күніндегі басты оқиға Astana Ballet театрында «Раушан гүлі мен көбелектің романы» балетінің көрсетілімі болды.
Мариус Петипа ХХ ғасырдың басында ойластырған бұл туынды сол кезде сахналанбай қалған. Академияның көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың бастамасымен, хореограф Василий Медведевтің қатысуымен балет сақталған тарихи материалдар негізінде сахнаға жол тартты. Қойылымға Академияның 130-ға жуық білім алушысы қатысты.
21 қарашада фестиваль Қытай, Ресей, Қазақстан, Бразилия, Мажарстан, Моңғолия, Қырғызстан және Өзбекстанның хореографиялық оқу орындарының өкілдері қатысатын гала-концертпен жалғасады.
Фестиваль 22 қарашада қазақстандық хореография мектебі дәстүрінің сабақтастығына арналған «Академия түлектерінің жұлдызды жолы» гала-концертімен аяқталады.
«Temps lié» фестивалі хореография саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, кәсіби тәжірибе алмасуға және жас таланттарды қолдауға бағытталған.