Header Banner

Астанада түн ортасына дейін жұмыс істейтін ұлттық кітапханаға келушілер көбейді

Астанада түн ортасына дейін жұмыс істейтін ұлттық кітапханаға келушілер көбейді
Фото: Оңалхан Өнерхан

13 қарашадан бастап Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана мен Алматыдағы Ұлттық кітапхана сағат 00:00-ге дейін жұмыс істейді. Жаңа кесте азаматтарға жұмыстан немесе оқудан кейін кітапханаға келіп, кітап қорын пайдалануға, кешкі уақытта оқу залдарында жұмыс істеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Жұмыс уақыты ұзартылған алғашқы күндерден-ақ кітапханаға келушілер саны арта бастады. Мәселен, Алматыдағы Ұлттық кітапханада жаңа кесте енгізілген алғашқы бес күнде кешкі сағат 20:00-ден кейін келушілер саны 45-тен 600 адамға дейін өсті. Ал Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханаға осы уақытта келгендер саны кей күндері 480 адамнан асты.

Оқырман санының артуы жаңа жұмыс кестесіне сұраныс бар екенін көрсетеді. Әсіресе, кешкі уақытта кітапхана қызметін пайдалану студенттерге, жұмыс істейтін азаматтарға, магистранттар мен зерттеушілерге қолайлы.

Сонымен қатар кітапхана қызметкерлерінің еңбек құқығын сақтауға ерекше назар аударылады. Кешкі жұмыс ауысым кестесіне сай ұйымдастырылып, қызметкерлердің белгіленген тынығу уақыты сақталады. Ауысым аяқталған соң олардың үйіне қауіпсіз жетуі үшін көлік қарастырылған.

Еске сала кетсек, «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны 66-күнге жетті. Осы уақыт ішінде қатысушылар 1,5 миллионнан астам кітап оқыды.