Header Banner

Тек көңіл көтеретін жиын емес: Бас мүфти асабаларға той мәдениеті туралы ескертті

Бүгін, 15:39
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Тек көңіл көтеретін жиын емес: Бас мүфти асабаларға той мәдениеті туралы ескертті
Фото: ҚМДБ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Астананың асабаларымен кездесіп, той өткізу мәдениеті, орынсыз бәсеке мен ысырапшылық мәселесін көтерді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Мүфтияттың мәліметінше, жиынға Бас мүфти мен асабалардан бөлек, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұртөре Жүсіп, журналист әрі диктор Зейін Әліпбек және діни басқарма қызметкерлері қатысты. Кездесуде соңғы жылдары тойларда жиі кездесетін артық шығын, өзара бәсеке, орынсыз ысырап, дастарқанға шамадан тыс көп тағам қою және бейәдеп ойындар талқыланды.

Наурызбай қажы Тағанұлы қазақ халқының ежелден той жасауды жақсы көретінін, алайда қазір кейбір тойлардың қуаныштан гөрі бәсеке мен орынсыз мақтанға айналып бара жатқанын айтты.

«Ислам дінін ғасырлар бойы ұстанған ата-бабаларымыз той жасағанда ең алдымен ағайынның басын қосып, бата алуға, үлкеннің ақ тілегіне, жастардың тәрбиесіне мән берген. Тойдың сәні қымбат әншіде немесе шектен шыққан безендіруде емес, елдің бірлігі мен ақ дастарқанда болған», – деді Бас мүфти.

Наурызбай қажы Тағанұлының пікірінше, той тек көңіл көтеретін жиын емес, ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, дін мен дәстүр құндылықтарын дәріптейтін маңызды басқосу болуы керек.

«Тойда жастар үлкенді сыйлауды, туыстық қатынасты, ізеттілікті, бата алуды, ұлттық салт-дәстүрді көреді. Сондықтан тойдың бағдарламасы да тәрбиелік мазмұнда болғаны абзал. Бұған той иелері мен асабалар көбірек мүдделі болса дейміз», – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Астанада той кортежінде жол ережесін бұзған жолаушылар 10 тәулікке қамалғаны туралы жаздық.