Сот FlyArystan әуе компаниясының жолаушылар құқығын бұзатын ережелерін өзгерту туралы Сауда және интеграция министрлігінің талабын заңды деп таныды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоға сілтеме жасап.
Әуе компаниясына тексеру жүргізуге жолаушының өтініші негіз болды. Алматы қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетімен және Астана қаласы бойынша аумақтық департаментпен өзара іс-қимыл жасай отырып, жоспардан тыс тексеру жүргізді.
Тексеру барысында әуе компаниясының ішкі қағидаларында жолаушылардың құқықтарын шектейтін бірқатар ережелер анықталды.
Атап айтқанда, мынадай бұзушылықтар анықталды:
- тасымалдау талаптарын біржақты тәртіппен өзгерту;
- әуе тасымалдаушысының жауапкершілігін шектеу;
- жекелеген алымдарды заңсыз өндіріп алу;
- жолаушылардың ақшалай қаражатты қайтару құқықтарын шектеу;
- тұтынушыларды ақпараттандыру талаптарын сақтамау және жазбаша наразылық хат беру тәсілдерін шектеу.
Тексеру нәтижелері бойынша әуе компаниясына анықталған бұзушылықтарды жою және ішкі тасымалдау қағидаларын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келтіру туралы нұсқама берілді.
Әуе компаниясы тексерудің және берілген нұсқаманың заңдылығын сот тәртібінде даулады.
2026 жылғы 21 шілдеде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты әуе компаниясының нұсқаманың күшін жою туралы талаптарын қанағаттандырудан бас тартты.
Алматы қаласының апелляциялық сатысы бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Сот тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдарының авиациялық қызметтер көрсету саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру өкілеттіктерін, сондай-ақ берілген нұсқаманың заңдылығы мен негізділігін растады.
«Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің қағидатты ұстанымы – әуе компанияларының ішкі қағидалары заңнамада кепілдік берілген жолаушылардың құқықтарын шектемеуге тиіс», - делінген хабарламада.
Тасымалдау шарттары, ақшалай қаражатты қайтару тәртібі, қосымша алымдарды өндіріп алу және наразылық хаттарды қарау мәселелері тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнама талаптарына сәйкес болуы қажет.