Астрахан ауданының прокуратурасы ағымдағы жылы 1,6 млрд теңге сомасында бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуының алдын алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақмола облысы прокуратурасына сілтеме жасап.
Аудан прокуратурасының қадағалау қызметі барысында автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарын мемлекеттік сатып алуды жоспарлау кезінде мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнама талаптарының бұзылғаны анықталды.
Атап айтқанда, ірі көлемдегі сомаға жұмыстарды сатып алу қажетті жобалық-сметалық құжаттамасыз, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысыз, сондай-ақ жұмыстардың болжамды құнына тиісті экономикалық негіздеме жасалмай жоспарланған.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша 1,6 млрд теңге сомасындағы мемлекеттік сатып алу рәсімі тоқтатылды. Бұл негізсіз шығыстарды болдырмауға және бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуының алдын алуға мүмкіндік берді.
Заңдылықты бұзуға жол бергені үшін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Бюджет қаражатын жұмсау кезіндегі заңдылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың нысаналы әрі тиімді пайдаланылуы мәселелері прокуратураның тұрақты бақылауында.