«Заңсыз келуші – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Қазақстан Республикасының шекарасын заңсыз кесіп өтуді ұйымдастырды деген күдікпен Қазақстанның үш азаматы мен бір шетел азаматы ұсталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
ІІМ мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Төрт күдіктінің барлығы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жалпы, іс-шара аясында көші-қон заңнамасын бұзудың 293 дерегі анықталды. Атап айтқанда, шетел азаматтарының заңсыз еңбек қызметін жүзеге асыруының 53 дерегі, сондай-ақ шетелдіктердің елге келгені туралы ішкі істер органдарына уақытылы хабарламау және олардың елде болу қағидаларының сақталуын қамтамасыз етпеудің 63 дерегі тіркелді.
Шетел азаматтарын тиісті рұқсатсыз заңсыз жұмысқа тартқан 15 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар сот шешімдерімен 77 шетел азаматы Қазақстан Республикасының аумағынан мәжбүрлеп шығарылды.
Жедел-профилактикалық іс-шара барысында мемлекетаралық іздеуде жүрген төрт адам да ұсталды. Олардың біреуі – Қазақстан азаматы, үшеуі – ТМД елдерінің азаматтары.
Полиция заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу, құқыққа қайшы әрекеттерді анықтау және өңірдегі көші-қон қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы кешенді жұмыстарды жалғастырады.
Еске салайық, елорда аумағында көші-қон заңнамасын бұзған 1,3 мың шетелдік депортацияланды.