Тоқаевтың бастамасы Абу-Дабиде су саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері аясында талқыланады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Қазақстанның Халықаралық су ұйымын құру туралы ұсынысын Абу-Дабиде өтетін БҰҰ-ның Су ресурстары жөніндегі конференциясында қарау жоспарланып отыр. Бұл бастаманы Сенегал мен Біріккен Араб Әмірліктерінің өкілдері қолдап, жаһандық су проблемаларын шешу үшін мемлекеттердің үйлесімді іс-қимыл жасауы қажеттігін атап өтті.
Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде өткен брифингте қатысушылар бастаманы ілгерілету үшін елдердің ортақ ұстанымы, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасу және су инфрақұрылымы бойынша бірлескен жұмыс қажет екенін айтты.
Сенегалдың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілінің орынбасары Мамаду Ндиайе екіжақты және көпжақты деңгейдегі өзара іс-қимыл сумен жабдықтау және санитария мәселелерін тиімдірек шешуге мүмкіндік беретінін мәлімдеді.
«Жұмыс ойдағыдай ілгерілеп келеді. Бұл үдеріс жақын арада аяқталып, сумен жабдықтау және санитария саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың дамуына ықпал етеді деп үміттенеміз. Мұнда екіжақты және көпжақты өзара іс-қимыл маңызды рөл атқара алады. Дәл осы ынтымақтастық су тапшылығына байланысты мәселелерді тиімді шешуге көмектеседі», – деді дипломат.
БҰҰ жанындағы Біріккен Араб Әмірліктерінің тұрақты өкілі Мұхамед Әбушахаб та алдағы конференция Қазақстанның ұсынысын талқылауға мүмкіндік беретінін растады.
«БҰҰ-ның Су ресурстары жөніндегі конференциясында түрлі бастамаларды, соның ішінде Халықаралық су ұйымын құру туралы ұсынысты талқылауға мүмкіндік туады», – деді ол.
Мұндай құрылым құру идеясын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Ашхабадта өткен халықаралық форумда көтерген болатын. Ұйым мемлекеттердің жаһандық су ресурстарын басқару саласындағы күш-жігерін біріктіріп, су мәселелерін энергетика, климат және азық-түлік қауіпсіздігі бағыттарымен тығыз байланыстыруға ықпал етеді деп болжанып отыр.
Абу-Дабиде өтетін конференция халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, инвестиция тартуға және су ресурстары саласында қауіпсіз болашақты қамтамасыз етуге бағытталған инновациялық шешімдерді іздеуге арналады. Іс-шараға қатысуға шамамен жеті мың адам ниет білдірген.
Конференция аясында одан әрі өзара іс-қимыл бағыттарына арналған жеке интерактивті диалог өтеді. Оның шеңберінде Қазақстанның Халықаралық су ұйымын құру туралы ұсынысы да талқыланады.