Астанада поэзияға құштар зейнеткерлер көркемсөз оқудан сайысқа түсті

Бүгін, 20:05
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Астанада поэзияға құштар зейнеткерлер көркемсөз оқудан сайысқа түсті
Фото: Астана қаласы әкімдігі

«Нұра» ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Республика күніне орай «Поэзия жүрегімде» атты көркемсөз оқу байқауы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігіне сілтеме жасап. 

Тіл жанашыры, волонтер-зейнеткер Үміт Сағитованың ұйымдастыруымен өткен шығармашылық шараға қатысушылар қазақ ақындарының өлеңдерін мәнерлеп оқып, әдебиетке деген сүйіспеншіліктері мен өнерлерін ортаға салды.

Байқаудың басты мақсаты – аға буын өкілдерінің шығармашылық қабілеттерін шыңдау, поэзияға деген қызығушылығын арттыру және қазақ әдебиетінің асыл мұрасын насихаттау. Сайыс барысында қатысушылар ақындардың туындыларын нақышына келтіре оқып, өлең жолдары арқылы туған елге деген сүйіспеншіліктерін жеткізді.

Іс-шара қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен қатысушылар анықталды. Бірінші орынды Шолпан Бекниязова иеленсе, екінші орын Данагүл Қазақбаева мен Рамазан Құрманбаевқа бұйырды. Ал үшінші орынды Жұмағат Мұқанов, Рауза Есмұрзина және Оразбибі Қарманова өзара бөлісті.

Сондай-ақ Гүлнәр Сүлейменова, Тұрдан Төлеухан және Жания Жағыппарова да өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әр қатысушының орындау мәнері мен өлеңге деген шынайы ықыласы байқаудың мазмұнын аша түсті.

Жиынның ең әсерлі сәттерінің бірі – жас өнерпаздардың өнер көрсетуі болды. Жеті жастағы Нұрия Омар Абай Құнанбайұлының «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» өлеңін мәнерлеп оқыса, алты жастағы Жания Омар Дина Нұрпейісованың «Домбыра» шығармасын орындады. Өнерлі бүлдіршіндердің сахнадағы еркіндігі мен талпынысы жиналған жұртты сүйсіндірді.

Еске салайық, бұған дейін елорданың «Сарыарқа» ауданында зейнеткерлер арасында бильярдтан турнир өтті.