25 қазан – Республика күні қарсаңында Сарыарқа ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында орталыққа келушілер арасында бильярдтан турнир өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Турнирдің негізгі мақсаты – зейнеткерлер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау, спортқа деген қызығушылықты арттыру және бос уақытты тиімді ұйымдастыру.
Жарыс екі күн бойы өтіп, қатысушылар арасында тартысты әрі қызықты ойын өрбіді. Қатысушылар өздерінің шеберліктерін, ептіліктерін және жеңіске деген жігерлерін көрсетті.
Марапаттау рәсімінің басында Мұхтар Дүйсенұлы мен Сарыарқа ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Кенжеболат Сапарұлы қатысушыларды Республика күнімен құттықтап, белсенділіктері мен спортқа деген қызығушылықтары үшін алғыс білдірді.
Сонымен қатар, олар орталықтың зейнеткерлердің бос уақытын тиімді өткізуіне, белсенді өмір салтын ұстануына және өзара араласуына мүмкіндік беретін орта екенін атап өтті. «Бұл орталық сіздер үшін, сіздердің белсенді әрі мазмұнды өмір сүрулеріңіз үшін жұмыс істейді», – деп ізгі тілектерін жеткізді.
Турнир қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
🥇 І орын – Мырзабек Күженов;
🥈 ІІ орын – Бұлқайыр Шәмшиев;
🥉 ІІІ орын – Ереке Аханов;
🥉 ІІІ орын – Алтынбек Искаков.
Сонымен қатар, ерекше көзге түскен қатысушылар арнайы номинациялармен марапатталды. Анатолий Савельевич «Спортивное долголетие» («Спорттық ғұмыр ұзақтығы»), ал Иван Мосенец «Воля к победе» («Жеңіске деген жігер») номинациясына ие болды.
Турнир жеңімпаздары дипломдармен, медальдармен және кубоктармен марапатталды. Ал жарысқа қатысқан барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.
Іс-шара соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, осындай спорттық турнирлердің жиі өткізіліп тұруына тілектестік танытты. Сондай-ақ, орталық ұжымына зейнеткерлердің бос уақытын мазмұнды ұйымдастырып, спортпен айналысуға мүмкіндік жасағаны үшін алғыс айтты.
Осындай игі бастамалар аға буын өкілдерінің белсенді өмір салтын ұстануына қолдау көрсетіп, олардың арасындағы достық пен өзара сыйластықты нығайтуға ықпал етеді.



