Астанада Оқушылар сарайлары қалай жұмыс істейді

Астанада Оқушылар сарайлары қалай жұмыс істейді
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада жаңадан екі мемлекеттік Оқушылар сарайы – «Tanym art» және «Tanym sport» көпфункционалды кешендері ашылды. Олар балалардың шығармашылық, зияткерлік және спорттық әлеуетін дамытуға, сондай-ақ елордада қосымша білім алу мүмкіндігін кеңейтуге арналған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігіне сілтеме жасап.

Үш қабатты кешендердің әрқайсысының ауданы 12 225 шаршы метр. Балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау үшін мұнда бассейн, спорт және концерт залдары, оқу кабинеттері мен коворкинг аймақтары ашылған. Сондай-ақ шығармашылықпен шұғылдануға, білім алуға және бос уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік жасалған.

Кешендерде STEM технологиясы, техникалық және ғылыми шығармашылық, экология-биология бағыттары бойынша сабақ ұйымдастыру жоспарланып отыр. Мұнда оқушылар қабілетін дамытып, жаңадан білім алып, заманауи технологияны меңгеріп, спорттың бірқатар түрімен айналыса алады.

Жаңа Оқушылар сарайлары білім беру, шығармашылық және спорт бағытын бір арнаға тоғыстырады. Бұл оқушыларға қабілеті мен қызығушылығына қарай үйірмелер мен сабақтарды таңдауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар әр кешенде 100-ден астам жұмыс орнын ашу көзделген.

«Біздің басты міндетіміз – әр бала өз әлеуетін ашып, жанына жақын іспен айналысып, талантын дамыта алатын кеңістік әзірлеу. Мұнда оқушылар қосымша білім алып қана қоймай, шығармашылықпен айналысып, спортпен шұғылданып, заманауи технологияларды меңгеріп, жаңа достар таба алады», – деді «Tanym art» көпфункционалды кешенінің директоры Раушан Күшібаева.

«Tanym art» оқушылар сарайы Сарыарқа ауданындағы Бейбарыс сұлтан көшесі, 15 мекенжайында орналасқан. Ал «Tanym sport» кешені Алматы ауданындағы Төле би көшесі, 3 мекенжайында орналасқан.

Еске сала кетсек, кешендердің ашылу рәсіміне Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысты.