Қазақстанда отандық бағбандықты дамыту, жеміс-жидек өнімдерін өндіру көлемін арттыру және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Бұл ретте алма бақтарының аумағын ұлғайтуға, өнімді сақтау мен өңдеу инфрақұрылымын жетілдіруге, сондай-ақ қазақ бағбандығының мақтанышына айналған әйгілі «Апорт» алмасын қайта түлетуге басымдық берілуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр еліміздегі алма бақтарының жалпы аумағы 26,2 мың гектарға жетті. Жыл соңында 205,2 мың тонна алма жиналып, әр гектардан алынған орташа өнімділік 83,9 центнерді құрады. Алма бақтарының басым бөлігі Түркістан облысында – 13,4 мың гектар, Алматы облысында – 6,3 мың гектар, Жетісу облысында – 3 мың гектар және Жамбыл облысында 1,4 мың гектар аумақты алып жатыр.
Қазіргі таңда ішкі нарықтағы алмаға деген сұраныстың 74%-ы отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етіледі. Алдағы уақытта өндіріс көлемін арттырып, саланың тиімділігін көтеру импортқа тәуелділікті азайтуға және халықты жергілікті өніммен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазақ бағбандығының тарихында айрықша орны бар «Апорт» алма сортын қайта түлету жұмыстары да жалғасып келеді. Сапалы көшет өсіру, аналық ағаштарды сақтау және осы сорт егілетін бақтардың аумағын кеңейту міндеттерін «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» серіктестігінің Талғар өңірлік филиалы жүзеге асыруда.
Өткен жылы мамандар 2 080 көшет өсіріп, 10 гектар жерге «Апорт» алма бағын отырғызды. Ал биылғы жылы көшет өсіру, аналық ағаштарды күтіп-баптау, жаңадан отырғызылған бақтардың жай-күйін агротехникалық талаптарға сай ұстау және алдағы жылдарға қажетті отырғызу материалын дайындау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілді.
Аталған шаралар сапалы көшеттердің қорын молайтуға, «Апорт» сорты егілетін алқаптарды кезең-кезеңімен кеңейтуге және осы бірегей сорттың өндірістік әлеуетін қалпына келтіруге бағытталған.