Қазақстандық шаруалар биылғы өнімнен мемлекеттік қорға 135 мың тонна астық тапсырды. Бұл – 2026 жылғы форвардтық сатып алу бағдарламасы аясында келісілген көлемнің үштен біріне жуығы, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астықтың басым бөлігі Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарынан жеткізілген. 19 қазандағы мәлімет бойынша Қостанай облысының шаруалары 75 мың тонна, Солтүстік Қазақстан облысы 42,9 мың тонна, ал Ақмола облысы 10,8 мың тонна астық өткізген.
Мемлекеттік қорға тапсырылған өнімнің 89 пайызы – үшінші сұрыпты бидай. Сонымен қатар төртінші және бесінші сұрыпты бидай мен арпа да қабылданып жатыр.
Биыл «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуға 31,9 млрд теңге бөлді. Бағдарлама аясында шаруалар көктемгі егіс жұмыстарына алдын ала қаржы алып, күзде келісімшартта көрсетілген көлемде астық немесе майлы дақылдар жеткізеді.
Үкімет қыркүйек айының соңында биылғы астықтың сатып алу бағасын бекітті. Келісімшарт талаптарына сәйкес, бидай мен арпаны мемлекеттік қорға жеткізу 1 қарашаға дейін аяқталуға тиіс.
Сатып алынған өнім мемлекеттік астық резервін толықтыруға және жемшөп қорын қалыптастыруға бағытталады.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарушы директоры Сағат Төлеудің айтуынша, астық қорын жасақтау кезінде ұн тарту кәсіпорындарының, мал шаруашылығы ұйымдары мен құс фабрикаларының сұранысы ескеріледі.
«Ұн тарту кәсіпорындарына азық-түлікке жарамды бидай қажет болса, мал шаруашылығы мен құс фабрикаларына жемшөптік астық керек. Сондықтан форвардтық бағдарлама аясында жеткізілетін астық көлемі осы қажеттіліктерге сай болуы маңызды», – деді ол.
Айта кетейік, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы 2022 жылдан бері ішкі нарықты қолжетімді жемшөппен қамтамасыз ету үшін арнайы қор қалыптастырып келеді. Мал шаруашылығы кәсіпорындары мен құс фабрикалары осы қордан қажетті астықты белгіленген бағамен сатып ала алады.
Еске сала кетейік, бұған дейін елімізде 42 млн тоннадан астам мал азығы дайындалғаны хабарланған еді.