Қазақстан тоғыз жылда балмұздақ экспортын 50 есе арттырды

Қазақстан тоғыз жылда балмұздақ экспортын 50 есе арттырды
Фото: unsplash.com

Қазақстандық балмұздақ шетелдіктердің сүйікті тәттісіне айналып келеді. Мұны статистикалық деректер де растайды. Соңғы тоғыз жылда отандық балмұздақ экспорты 50 есе өсті. 2017 жылдың қаңтар–тамыз айларында Қазақстан шетелге 1,2 млн доллардың өнімін экспорттаса, 2026 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 59,5 млн долларға жетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы АҚ-ға сілтеме жасап.

Биылғы жылдың алғашқы сегіз айында Қазақстан шетелге 15,3 мың тонна балмұздақ экспорттады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда экспорт көлемі заттай мәнде 28,9%-ға, ал ақшалай мәнде 50,3%-ға артты.

Қазақстандық балмұздақтың негізгі сатып алушысы – Ресей. Сегіз айда бұл елге 41,6 млн долларға 10,7 мың тонна өнім жеткізілді. Отандық балмұздақ экспортының 70%-ға жуығы Ресей нарығына тиесілі. Екінші орында Қырғызстан тұр. Бұл елге 11,6 млн долларға 3,4 мың тонна балмұздақ экспортталды. Ірі сатып алушылардың үштігіне Өзбекстан да кіреді. Аталған елге 5,1 млн долларға 965 тонна өнім жеткізілді.

Қазақстандық балмұздақтың экспорт географиясы да кеңейіп келеді. Тәжікстанға жеткізілген өнім көлемі заттай мәнде 3,2 есеге, Әзербайжанға 2,1 есеге өсті. Сонымен қатар 2026 жылы қазақстандық балмұздақ Грузия нарығына да шығарыла бастады.

Қазақстан осы тауар санаты бойынша сыртқы сауданың оң сальдосын да ұлғайтып отыр. 2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында балмұздақ импорты 39,1 млн долларды құрады. Ал сыртқы сауданың оң сальдосы 3,6 млн доллардан 20,4 млн долларға дейін, яғни 5,7 есеге жуық өсті. Сегіз айдың қорытындысы бойынша балмұздақтың жалпы сыртқы сауда айналымы 98,7 млн долларға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30,5%-ға артты.