Астанада агроөнеркәсіптегі әйелдердің әлеуеті талқыланды

Астанада агроөнеркәсіптегі әйелдердің әлеуеті талқыланды
Фото: АШМ

Қазақстанда тіркелген ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің 74,7 мыңын әйелдер басқарады. Бұл – олардың жалпы санының төрттен бірінен астамы, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, еліміздің ауылдық жерлерінде 3,6 миллион әйел тұрады. Оның 391,2 мыңы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Бұл салада жұмыспен қамтылғандардың 40 пайызын құрайды.

Бұл деректер Астанада өтіп жатқан «Қазақстанның агроазық-түлік жүйесіндегі әйелдер: зерттеу нәтижелерінен нақты шешімдерге дейін» атты екі күндік өңірлік семинарда айтылды.

Жиынға мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, ғалымдар және фермер әйелдер қатысуда. Семинар ауыл шаруашылығындағы әйелдердің қатысуын дамытуға бағытталған WADI бастамасы аясында ұйымдастырылған.

Іс-шарада еліміздің 17 өңірінен 477 әйел қатысқан зерттеудің нәтижелері таныстырылды. Сауалнама ауыл шаруашылығында еңбек ететін әйелдер үшін басты қиындықтардың бірі қаржыландыруға қол жеткізу екенін көрсетті. Сонымен қатар қатысушылар кәсіп жүргізу бойынша білім алуға және кәсіби дағдыларын жетілдіруге қызығушылық танытқан.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова әйелдер кәсіпкерлігін дамытуда оқыту, тәлімгерлік қолдау және кәсіби байланыстарды кеңейтудің маңызын атап өтті.

Оның айтуынша, Исламдық азық-түлік қауіпсіздігі ұйымы аясында келесі жылы өтетін Аграрлық көшбасшы әйелдер мен жас агрокәсіпкерлер жылына арналған іс-шаралар бағдарламасы бойынша ұсынымдар әзірленген.

Семинар қорытындысында әйелдердің заманауи технологияларға қолжетімділігін арттыру, кәсіби білім беру және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытындағы пилоттық жобаларды айқындау жоспарланып отыр. Әсіресе, жеке қосалқы шаруашылықтарда еңбек ететін әйелдердің қажеттіліктеріне назар аударылмақ.

Семинар жұмысы 16 қазанда жалғасады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда 200 смарт-шаруашылық жұмыс істейтіні хабарланған еді.