Қазақстанда 650-ден астам агрокәсіпорын цифрлық технологияларды қолданады. Олардың қатарында 200 смарт-шаруашылық бар, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл туралы Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан Digital Qazaqstan 2026 стратегиясы аясында агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру алты бағыт бойынша жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта осы бағыттарды Digital Agro бірыңғай платформасына біріктіру көзделген.
Министрдің мәліметінше, бүгінде 200 смарт-шаруашылықтың ішінде 112 сүт фермасы бар. Бұдан бөлек, 30-дан астам бордақылау алаңы автоматтандырылған бақылау жүйелерімен жабдықталған.
Мемлекеттік қолдау саласында ақылы жеке жүйелердің орнына «Мемлекеттік агро» тегін субсидиялау жүйесі жұмыс істейді. Қазір онда 209 мыңнан астам пайдаланушы тіркелген.
Мал шаруашылығында төрт түліктің өмірлік циклі мен ветеринариялық іс-шараларды қадағалау ақпараттық жүйелер және «Төрт түлік» мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылады.
Өсімдік шаруашылығында егіс жұмыстарын цифрлық жоспарлауға, өнім партияларын есепке алуға және өндірушіден элеваторға дейін ғарыштық мониторинг жүргізуге арналған қадағалау ақпараттық жүйесі қалыптастырылып жатыр.
Жер ресурстары бойынша цифрлық карта толығымен жасалған. Ал агрохимиялық, геоботаникалық және топырақ зерттеулерімен толық қамту 2029 жылға жоспарланған. Жерді ұтымды пайдалануға мониторинг «ЖерИнСпектр» жүйесі арқылы жүргізіледі.
Сонымен бірге ауыл шаруашылығындағы деректерді талдап, басқарушылық шешімдерді жедел қабылдау үшін «Смарт Дата Агро» деректер жиынтығы қалыптастырылып жатыр.
Осы цифрлық шешімдерді бір жүйеге біріктіру мақсатында Digital Agro бірыңғай платформасын құру көзделген.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша шаруалардан өтінімдер қабылдау басталғаны хабарланған еді.