20 қарашада Астанада «Әділет» партиясының кандидаттары «iKOMEK 109» орталығының ұжымымен бас қосты. Жиында қала тұрғындарының өтініштерін жедел қарау, қалалық инфрақұрылымды дамыту, балалар спортының қолжетімділігі, сондай-ақ білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен қатар партияның 2026–2031 жылдарға арналған бағдарламасындағы бастамалар таныстырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жиынға №14 сайлау округі бойынша Астана қаласы мәслихатының депутаттығына кандидат Давид Лория, партиялық тізім бойынша кандидаттар — Астана қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабаева және «Profi DM» ЖШС директоры Вероника Масимова қатысты.
Ақмарал Олжабаева орталық қызметкерлерінің қала тұрғындарымен күнделікті байланыста жұмыс істейтінін атап өтті. Оның айтуынша, азаматтардың өтініштері елордадағы өзекті мәселелерді анықтап, оларды шешуге мүмкіндік береді. Сондықтан әрбір өтінішке уақытылы әрі жауапкершілікпен қарау халық сенімін нығайтуда маңызды рөл атқарады.
«Сіздер қалада не болып жатқанын, қандай мәселелер барын көпшіліктен жақсы білесіздер. Тұрғындардың өтініштері — үлкен жауапкершілік әрі адамдардың сіздерге сенетінінің белгісі», — деді Ақмарал Олжабаева.

Сондай-ақ ол елорданың қарқынды өсуіне байланысты жылу және инженерлік инфрақұрылымды дамыту қажеттігіне тоқталды. Газбен жұмыс істейтін жылу станцияларының маңызын атап өтіп, тұрғындарға жаңа мамандық меңгеруге және тегін қайта даярлаудан өтуге мүмкіндік беретін «JOLTAP» жобасына да назар аударды.
Балалар спортының қолжетімділігі мен спорт инфрақұрылымын дамыту мәселесін Давид Лория көтерді. Ол өзі өскен округтегі стадионның спорттық жолында ерекше орны бар екенін айтып, мұндай нысандарды жаңғыртудың жас ұрпақ үшін маңызын жеткізді. Сонымен қатар аула клубтарын дамыту тәжірибесімен бөлісті.
«Балалардың жыл он екі ай жаттығу мүмкіндігі бар. Бұл — қаламыз үшін үлкен жетістік әрі жасөспірімдердің өз арманына жетуіне берілген мүмкіндік», — деді Давид Лория.
Ал Вероника Масимова партия бағдарламасындағы денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау бағыттарын таныстырды. Бағдарламада елорда тұрғындарының орташа өмір сүру ұзақтығын 81,8 жасқа дейін арттыру көзделген. Сондай-ақ Алматы ауданында 250 төсек-орындық перинаталдық орталық, Сарыарқа ауданында 200 төсек-орындық акушерлік блок салу жоспарланған.

Бұдан бөлек, Р.Қошқарбаев даңғылындағы балалар емханасын қайта жаңғырту және медицина саласындағы жас мамандарға арналған жатақхана салу бастамалары қарастырылған.
Білім беру саласына қатысты жоспарларға да ерекше назар аударылды. Жаңа мектептер мен балабақшаларды салумен қатар, оларды білікті мамандармен қамтамасыз ету маңызды. Осыған байланысты бағдарламада педагогтерді даярлауға арналған білім гранттарын бөлу де көзделген.
«Жаңа мектептер мен балабақшаларға мамандар қажет. Сондықтан бағдарламада педагогтерді даярлауға білім гранттарын бөлуге де көңіл бөлінген. Біз мұның бәрін, ең алдымен, балаларымыздың болашағы үшін жасаймыз», — деді Вероника Масимова.

Талқылау барысында қаланы дамытуға қатысты басым бағыттар мен тұрғындардың өтініштерін шешу жолдары сөз болды. Кандидаттар орталық қызметкерлерінің күнделікті тәжірибесі мен пікірлері қаладағы өзекті мәселелерді анықтауда маңызды екенін атап өтті.
*Астана қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.





