Астананың «Сарайшық» ауданындағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде «Әділет» партиясы кандидаттарының тұрғындармен кездесуі өтті. Басқосуда халықпен тұрақты байланыс орнату, қоғам алдындағы жауапкершілік және келер ұрпаққа мүмкіндік жасау мәселелері сөз болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Кездесуге №4 сайлау округі бойынша мәслихат депутаттығына кандидат Махат Төрәлі, оның сенімді өкілі Серікзат Дүйсенғазы, бокс жаттықтырушысы Мұхит Амантаев және партиялық тізім бойынша кандидат Ляззат Разбекова қатысты.

Махат Төрәлі атқаратын қызметіне қарамастан, халыққа пайдалы болуды басты міндеті санайтынын айтты. Оның сөзінше, азаматтың жұмысына берілетін баға күнделікті еңбегі мен елге тигізген пайдасынан көрінуі тиіс.
«Қай жерде жұмыс істесем де, ең басты міндетім – халыққа қызмет ету. Қандай лауазым атқарғаның маңызды емес. Бұл – мен үшін қағидатты ұстаным», - деді Махат Төрәлі.
Ляззат Разбекова қоғамдық жұмыста тәжірибесі бар, елге қызмет етіп жүрген азаматтардың өкілді органдарға келуі маңызды екенін атап өтті. Ол Махат Төрәлінің бастамаларына қолдау білдіріп, келер ұрпаққа жол ашатын істердің жалғасуы қажет екенін айтты.

«Әділет» – қоғамның қажеттілігінен туған партия. Жас партия болғанына қарамастан, аз уақыттың ішінде бірқатар игі істің бастамашысы болды. Алдағы уақытта да қоғамда әділеттілікті орнату жолында еңбек етуге дайынбыз», - деді Ляззат Разбекова.
Партияның Астананы 2026-2031 жылдары дамытуға арналған бағдарламасы тұрғын үй жағдайын жақсарту, денсаулық пен ұзақ өмір сүруге жағдай жасау, шағын және орта бизнесті қолдау, тұрақты жұмыспен қамту және жаңа экономиканы дамыту бағыттарын қамтиды. Бағдарламада 360 шақырым қала көшесін жөндеу, 90 шақырым жаңа көше салу және 360 ауланы абаттандыру көзделген.
«Әділет» партиясының негізгі құндылықтары – әділеттілік, отансүйгіштік, жауапкершілік, еңбекқорлық және прогресс. Кездесуде айтылған халыққа қызмет ету, тұрғындардың сенімін ақтау және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік тақырыптары осы ұстанымдармен сабақтасты.
* Астана қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.







