Header Banner

Қауіпсіз мектеп, жайлы аула, қолжетімді медицина: «Әділет» кандидаттары әлеуметтік басымдықтарды талқылады

Қауіпсіз мектеп, жайлы аула, қолжетімді медицина: «Әділет» кандидаттары әлеуметтік басымдықтарды талқылады
Фото: Ұйымдастырушылар

20 қарашада Астана қаласы әкімдігінің Көпсалалы медицина орталығында «Әділет» партиясы кандидаттарының еңбек ұжымымен кездесуі өтті. Басқосуда балалардың қауіпсіздігі, жайлы орта, жолдар мен аулаларды абаттандыру және медициналық көмектің қолжетімділігі сөз болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Кездесуге №3 сайлау округі бойынша мәслихат депутаттығына кандидат Евгений Құрманбаев, партиялық тізім бойынша кандидаттар Алмагүл Сегізбай және Олжас Сыдықбек қатысты.

№91 мектептің директоры Алмагүл Сегізбай білім беру ұйымдарының міндеті сапалы білім берумен қатар әр баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін айтты. Ол партия бағдарламасында 2031 жылға дейін мемлекеттік мекемелердегі бейнебақылау камераларын Жедел басқару орталығына толық қосу көзделгенін жеткізді.

«Ата-аналар жұмыста жүргенде балаларының қауіпсіздігіне, денсаулығына алаңдамауы керек. Бұл мәселелер партиямыздың алдағы бес жылға арналған бағдарламасында қарастырылған», — деді Алмагүл Сегізбай.

Сондай-ақ ол ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен қозғалысы шектеулі ата-аналар үшін қолайлы жағдай жасаудың маңызын атап өтті. Ғимараттардың қолжетімділігі мен қызмет сапасы әрбір басшының назарында болуы тиіс. Тұрғындар өз ұсыныстары мен сұрақтарын партияның ақпараттық парақшасындағы QR-код арқылы жолдай алады.

Евгений Құрманбаев округ тұрғындарының өтініштеріне тоқталып, Железнодорожный тұрғын алабындағы, соның ішінде М1 жолына қатысты мәселелерді атап өтті.

«Аулаларды абаттандыру, нөсер кәрізі, жолдар мен балалар алаңдары — бағдарламамның негізгі бағыттары. Бар инфрақұрылымды жақсартып, бұл мәселелерді тереңірек пысықтау қажет», — деді Евгений Құрманбаев.

Олжас Сыдықбек қолжетімді медицинаның қоғамның әл-ауқаты үшін маңызын айтып, күрделі ем мен операцияларды мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы алу мүмкіндіктеріне тоқталды. Ол партияның бес жылдық бағдарламасындағы денсаулық сақтау және тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағыттарын таныстырды.

Партияның Астананы 2026–2031 жылдары дамыту бағдарламасында 360 шақырым қала көшесін жөндеу, 90 шақырым жаңа көше салу және 360 ауланы абаттандыру көзделген.

*Астана қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.