Абай облысының Мақаншы және Үржар аудандарында оқиғаларға жедел әрекет ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында бейнебақылау жүйелерін біріктірген жаңа жедел басқару орталықтары іске қосылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мақаншы ауданына жұмыс сапары барысында орталықты Абай облысы полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияров ашты.
Жедел басқару орталығы аудан аумағындағы жағдайды бақылау мен полиция жасақтарының жұмысын үйлестірудің бірыңғай орталығына айналды. Бейнекамералардан түсетін кескіндер аудандық полиция бөліміне нақты уақыт режимінде жеткізіледі. Бұл қызметкерлерге қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтап, қажетті көмекті жедел ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Жоба аясында 77 жаңа бейнекамера орнатылды. Оның 72-сі қоғамдық тәртіпті қорғауға арналса, бесеуі Мақаншы ауылының жолдарындағы қауіпті учаскелерде жылдамдықты асыру деректерін тіркеуге бағытталған.
Сонымен қатар орталыққа аудан орталығында бұрын орнатылған 21 камера және Алакөл жағалауындағы 223 камера қосылды. Нәтижесінде жүйе барлығы 321 бейнекамераны біріктіріп, тұрғындар мен демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкіндіктерін кеңейтті.
Балалардың қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінген. Жедел басқару орталығына 31 балабақша мен 18 мектептің бейнебақылау жүйелері біріктірілді. Нысандарды заманауи бейнебақылау жүйелерімен жабдықтау бірыңғай техникалық талаптарға сәйкес жүзеге асырылуда.
Қосымша бақылау құралы ретінде дрон да қолданылады. Ол әуеден бақылау жүргізуге, құқық бұзушылықтарды анықтауға және олардың жолын кесуге мүмкіндік береді.
Жаңа орталықтың ашылуы аудандық полицияның мүмкіндігін арттырады. Бұл жол қозғалысын бақылаудан бастап, түрлі оқиғалар кезінде тиісті қызметтердің іс-қимылын үйлестіруге дейінгі жұмыстарды қамтиды.
Үржар ауданында да облыс әкімі Берік Уәлидің, Абай облысы полиция департаментінің бастығы Эльдар Данияровтың және цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлының қатысуымен жаңа жедел басқару орталығы ашылды.
Жаңа орталық көшелер мен қоғамдық орындардағы ахуалды нақты уақыт режимінде бақылауға, полиция жасақтарын оқиға орнына жедел бағыттауға және төтенше жағдайлар кезінде олардың іс-қимылын үйлестіруге мүмкіндік береді.
Орталықты іске қосу аясында 77 жаңа құрылғы орнатылды. Оның ішінде қоғамдық тәртіпті бақылауға арналған 72 бейнекамера және жылдамдықты асыру деректерін анықтайтын бес жылдамдық өлшегіш бар. Сонымен қатар Үржар ауылында бұрын орнатылған 110 бейнекамера бірыңғай жүйеге қосылды.

Балалар мен жастардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. ЖБО жүйесіне Таскескен ауылындағы 58 балабақшаның, 33 мектептің және бір колледждің бейнебақылау жүйелері біріктірілді. Білім беру ұйымдарын ортақ жүйеге қосу полиция қызметкерлеріне оқиғалар туралы ақпаратты жедел алуға және қажетті шараларды уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу, әуеден бақылау жүргізу мақсатында полиция қызметкерлері дронды да пайдаланады.
Еске салсақ, Астанада робот иттер қоғамдық қауіпсіздікті бақылай бастады.