Атырауда той кортежіне қатысқан жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған. Олардың қауіпті әрекеттері жолдағы өзге адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-кесілтеме жасап.
Тексеру барысында 22, 20 және 18 жастағы жүргізушілердің қарсы бағыттағы жолаққа шығып, апаттық жағдай туғызғаны анықталды. Toyota Camry көлігінің жүргізушісі қауіпті маневр жасаған. Lada Granta және екі Lada Priora көлігінің жүргізушілері де жол қозғалысы талаптарын бұзған.
«Атап айтқанда, маневр жасау қағидаларын бұзу, қауіпсіздік белдігін тақпау, көлік басқару кезінде телефон пайдалану және көліктің техникалық талаптарға сай болмауы деректері тіркелді. Lada Priora көліктерінің бірін басқарған жүргізушінің көлік жүргізу құқығы болмаған. Автокөлікті оған берген иесіне де әкімшілік шара қолданылды», - делінген хабарламада.
Жол қозғалысы ережелерін бұзған үш көлік арнайы тұраққа қойылды.
Еске салайық, бұған дейін Астанада той кортежінде жол ережесін бұзған жолаушылар 10 тәулікке қамалғаны туралы жаздық.