Арыз беруші 7 кредитор алдында жалпы сомасы 7,4 млн теңгеден астам берешегі бар екенін көрсетіп сотқа жүгінген. 12 айдан астам уақыт бойы төлемдер жасалмаған, қарызды реттеу процедурасы нәтиже бермеген, деп хабарлайды Elordainfo.kz Тараз қалалық сотына сілтеме жасап.
Қаржы басқарушысының қорытындысы мен түгендеу актісіне сәйкес борышкердің сатуға жататын мүлкі жоқ. Уәкілетті органдардың деректері бойынша оның атына жылжымайтын мүлік, автокөлік және құнды активтер тіркелмеген. Борышкер ресми түрде «жұмыссыз» ретінде есепте тұрады.
Сотта өтініш берушінің 2004 жылдан бастап ажырасқаны, жалдамалы пәтерде кәмелетке толмаған үш баламен тұратындығы, кіші баласына туа біткен ауруына байланысты үнемі күтім мен емдеу қажет екендігі анықталды.
Сот шешімімен арыз қанағаттандырылды, азаматша И.-ға қатысты сот банкроттығы рәсімі қолданылды.
Қаржы басқарушысына банкроттық туралы ақпаратты жариялау, борышкердің мүлкін басқаруға қабылдау, барлық шектеулерді және инкассалық өкімдерді алып тастау, кредиторлармен есеп айырысу үшін арнайы шот ашу тапсырылды.
Рәсім кезеңінде борышкерге жаңа ақшалай міндеттемелер қабылдауға және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуға тыйым салынды.
Шешім заңды күшіне енді.
Еске салайық, бұған дейін Конституциялық Сот банкроттық рәсіміне қатысты маңызды түсініктеме бергені туралы жаздық.