Конституциялық Сот банкроттық рәсіміне қатысты маңызды түсініктеме берді
ҚР Конституциялық Соты банкроттық рәсіміне қатысты өтінішті қарап, сот арқылы банкроттық рәсіміне жүгіну шарттарында азаматтарды кемсітетін талаптар жоқ деген қорытындыға келді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Конституциялық Сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өтініште кредитордың санатына қарай сот арқылы банкроттық рәсіміне қол жеткізу шарттарының әртүрлі болуы мәселесі көтерілген. Өтініш берушінің пікірінше, бұл мүліктік жағдайы бірдей азаматтардың құқықтық жағдайында айырмашылық тудыруы мүмкін.
Алайда істі зерделеген Конституциялық Сот дауланып отырған нормалар Конституцияға қайшы келмейді деген шешімге келді.
Соттың түсіндіруінше, заңнамада сот арқылы банкроттық рәсімін қолданудың бірыңғай шарттары белгіленген. Сондай-ақ бұл рәсімге жүгінуге құқығы бар азаматтар тобына шектеу қойылмаған.
Өтініш берушінің сот арқылы қорғалу құқығы бұзылды деген уәжі де расталмады. Ал заң нормаларының соттар тарапынан дұрыс қолданылуына және нақты істің мән-жайларына баға беруге қатысты талаптар Конституциялық Соттың өкілеттігіне кірмейді.
Осыған байланысты Конституциялық Сот өтінішті конституциялық іс жүргізуге қабылдауға негіз жоқ деп таныды.
Бұған дейін кредиттер бойынша қарыздарды реттеуге арналған бірыңғай платформа іске қосылғанын жазғанбыз.