Ақмола облысының Бурабай ауданында Бөлектау тауына шыққан ер адам өзін жайсыз сезініп, өздігінен төмен түсе алмаған. Оған құтқарушылар көмекке келді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, 1982 жылы туған ер адам бақылау алаңынан төмен түсіп келе жатқанда денсаулығы сыр берген. Салдарынан ол шамамен 350 метр биіктіктен өздігінен түсе алмай, жедел жәрдем шақырған.
Оқиға орнына Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағы жіберілді. Құтқарушылар ер адамға көмек көрсетіп, оны таудан қауіпсіз жерге түсірді. Кейін жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырды.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамға транзиторлық ишемиялық шабуыл диагнозы қойылған.
ТЖМ тұрғындарға тауға шығар алдында денсаулық жағдайы мен физикалық мүмкіндіктерін ескеріп, қауіпсіз бағыттарды таңдауды және сақтық шараларын қатаң ұстануды ескертеді.