Астанада республикалық «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында ауыл шаруашылығы жануарларын өңдеу және мүшелеумен айналысқан заңсыз цех анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне сілтеме жасап.
Комитеттің Астана қаласы бойынша аумақтық инспекциясы мәліметінше, аталған нысанда 2-санаттағы объектілерге қойылатын талаптарға сәйкес қажетті рұқсат құжатынсыз ет өнімдері өңделген. Атап айтқанда, ветеринариялық-санитариялық қорытынды мен есептік нөмір болмаған.
Анықталған дерек бойынша мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар қой етінен сынама алынып, зерттеу жүргізу үшін Республикалық ветеринариялық зертхананың Астана қаласындағы өңірлік филиалына жолданды.
Құқық бұзушылыққа кінәлі тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды.
Шығу тегі белгісіз ірі және ұсақ қара малдың жалпы салмағы 360 келі болатын ішкі ағзалары мен қосалқы өнімдері «Астана-Ветсервис» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының пеш-инсинераторында өртелді.
Еске сала кетсек, шілде айында елордада тағы бір заңсыз жасырын ет өңдеу цехы жойылды.