Астанада Республика күні қарсаңында жаңадан сайланған мектеп парламенттері президенттерінің қызметіне кірісу рәсімі өтті. Биыл елордадағы 93 білім беру ұйымында оқушылар парламентінің президенттері қайта сайланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
«Көшбасшылар бірлігі – ел болашағы» атты салтанатты іс-шара елордадағы Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында ұйымдастырылды. Іс-шараға жас көшбасшылар, педагогтер, ата-аналар және білім саласының өкілдері қатысты.
Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы директорының орынбасары Айымкүл Жабаеваның айтуынша, мектеп парламенттерінің президенттері оқушылардың дауыс беруі арқылы сайланған.
«Елордада 122 білім беру ұйымы бар. Биыл олардың 93-інде мектеп парламентінің президенттері қайта сайланды. Әр мектеп өз ережесіне сәйкес, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысатын, жауапкершілігі жоғары оқушылардың арасынан көшбасшысын таңдады. Олардың міндеті тек іс-шара ұйымдастырумен шектелмейді. Жас президенттер оқушылардың мүддесін қорғап, мектептегі өзекті мәселелерді әкімшілікке жеткізуге атсалысуы тиіс», – деді Айымкүл Жабаева.
Оның сөзінше, Оқушылар сарайы төрт жылдан бері мектеп парламенттерінің жұмысын үйлестіріп келеді. Мұнда жас көшбасшылардың кездесулері мен дөңгелек үстелдері өткізіліп, оқушылар көтерген мәселелер білім басқармасы, прокуратура және ювеналды полиция өкілдерінің қатысуымен талқыланады.
Салтанатты рәсім барысында жаңадан сайланған президенттер ант беріп, «Адал азамат» тәрбие бағдарламасының құндылықтарын ұстануға, мектеп өмірін дамытуға және өз қатарластарының мүддесін қорғауға ниет білдірді. Оларға жаңа мәртебесі мен жауапкершілігін айқындайтын президенттік мойынорауыштар салтанатты түрде табысталды.
Іс-шараға қатысқан Астана қаласы Білім басқармасының бас маманы Салтанат Айтқожина жас көшбасшыларды құттықтап, жауапты қызметтеріне сәттілік тіледі.
«Нағыз көшбасшы өзгелерді бөлмейді, керісінше, біріктіреді. Ол жеке басының беделін емес, көпшілікке пайдалы болуды көздейді. Тек сөйлеп қана қоймай, тыңдай білуі, ұсыныс айтып қана қоймай, нақты әрекет етуі керек. Қазақстанның болашағы сіздердің бүгінгі істеріңізден басталады», – деді ол.
Ал жаңадан сайланған мектеп президенттері алғашқы кезекте оқушылар арасындағы қарым-қатынасты жақсартып, буллингтің алдын алуға көңіл бөлмек.
№108 мектептің 9-сынып оқушысы Әзиз Мақұм мектептегі өзара сыйластықты нығайтуды басты міндеті санайды.
«Президент ретінде ең алдымен оқушылар арасындағы жақсы қарым-қатынасты қалыптастырғым келеді. Буллингті, бір-бірін мазақтау мен келемеждеуді тоқтатуға күш саламын. Оқушылар арасындағы қарым-қатынасты жақсы деңгейге жеткізу – басты мақсатым», – деді ол.
№105 мектептің 10-сынып оқушысы Дидар Абайділдинов үшін мектеп президенті болу – бала күнгі арманы.
«Кішкентай кезімнен президент болуды армандадым. Енді сол арманыма жеттім. Сыныптастарым мен достарым маған үлкен сенім артып отыр. Бұл – зор жауапкершілік. Ең алдымен буллингтің алдын алып, оқушылардың қарым-қатынасын жақсартқым келеді. Сондай-ақ түрлі іс-шара ұйымдастырып, мектеп өмірін қызықты етуді жоспарлап отырмын», – деді жас көшбасшы.
Мерекелік іс-шара барысында мектеп парламенттерінің президенттері флешмоб ұйымдастырып, «Адал азамат» құндылықтарына арналған ән орындап, би биледі.






