Республика күні қарсаңында ҚР Конституциялық Сотының Талдау және конституциялық іс жүргізу бөлімінің меңгерушісі Әмір Омаров Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның тарихи рөлі, оның қазіргі тәуелсіздікті қалыптастырудың негізгі кезеңдері арасындағы сабақтастықты сақтау маңыздылығы секілді мәселелерге назар аударды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
«Тарих тұрғысынан болашаққа көз жүгірту бірнеше маңызды тұжырым жасауға мүмкіндік береді. Біріншіден, мемлекеттің тұрақтылығы оның іргелі құндылықтарын сақтап қалу қабілетімен айқындалады. Екіншіден, қағидаттарды жариялау – бұл жолдың басы ғана. Олардың шынайы мәні заңнаманың негізіне айналғанда ғана ашылады. Үшіншіден, болашақтың стратегиялық бағдарлары тарихи тәжірибеге сүйенуі тиіс. Декларацияның тарихы құқықтық шешімдерді жүзеге асырудағы дәйектілігі идеяларды орнықты мемлекеттік институттарға айналдыра алатынын көрсетеді. Бүгінгі таңда бұл міндет жаңа сипатқа ие болуда. Қол жеткізген жетістіктерді сақтап қана қоймай, конституциялық қағидаттардың қоғамдық өмірдің барлық саласында толыққанды іске асуын қамтамасыз ету маңызды», - деді Ә. Омаров.