Астанада Республика күніне орай «Елім деп соққан жүрегім» атты рухани-патриоттық кеш өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Іс-шараны Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» мекемесі ұйымдастырды.
Кешті «Руханият» мекемесіндегі қазақ тілі курстарының тыңдаушылары, қала тұрғындары мен қонақтары тамашалады.
«Руханият» мекемесінің басшысы Руслан Әлімбековтің айтуынша, кештің басты мақсаты – Республика күнінің тарихи маңызын түсіндіру, елге деген сүйіспеншілікті арттыру және мемлекеттік тілді үйренушілерді қазақ халқының мәдениетімен жақынырақ таныстыру.
«Біздің мекемеде жыл сайын 3 мыңға жуық адам қазақ тілін үйренеді. Қазір екінші оқу маусымында 1 800 тыңдаушы білім алып жатыр. Олардың арасында өзге ұлт өкілдері мен шетелден келген азаматтар да бар. Қазақстанда өмір сүріп жатқандықтан, қазақ тілін меңгеруге деген ынталары жоғары. Сондықтан біз тіл үйретумен қатар, ұлттық құндылығымыз бен мәдениетімізді таныстыруға да мән береміз», – деді Руслан Әлімбеков.
Оның сөзінше, тіл үйренушілердің қатарында мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, студенттер, түрлі сала мамандары мен зейнеткерлер бар. Қазақ тілін жетілдіру үшін курсқа қатысып жүрген қазақ азаматтары да кездеседі.
Ал Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Тіл саясатын ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Гауһар Елембаева қазақ тілін оқыту курстарына сұраныс жоғары екенін атап өтті.
«Қазақ тілін үйренуге қала тұрғындарымен қатар, әкімдікке қарасты мекемелердің қызметкерлері, акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің өкілдері де қызығушылық танытады. Оқыту тіл меңгеру деңгейіне қарай жүргізіледі. Тыңдаушылар белгілі бір деңгейді аяқтап, сертификат алғаннан кейін олардың орнына жаңа қатысушылар қабылданады. Осылайша, жыл бойы курстарға жаңа тыңдаушылар қосылып отырады», – деді Гауһар Елембаева.
Мерекелік кешке келген 47 жастағы астаналық Ольга Саманцева да - қазақ тілін үйреніп жүргендердің бірі. Ол үш айдың ішінде сөздік қорын толықтырып, қарапайым сөйлемдерді меңгере бастағанын айтады.
«Мен қазақ тілін үш айдан бері үйреніп жүрмін. Қазақ тілі маған өте ұнайды. Қазір көбірек сөз білемін. Бірақ сөйлегенде әлі де ұяламын», – деді Ольга Саманцева.
Мерекелік концертте Қазақстанның халық әртісі Майра Ілиясова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Медет Салықов пен Клара Төленбаева, әнші Ибраһим Ескендір, дәстүрлі әнші Өзгеріс Шерікбай, «Алтын домбыра» өнер мектебінің өкілдері, «Асу» тобы және өзге де өнерпаздар өнер көрсетті.
Сонымен қатар «Шабыт» Қазақ ұлттық өнер университетінің актерлік мамандығында білім алып жүрген студенттер қазақ ақындарының отаншылдық рухтағы өлеңдерін оқыды.
Республика күніне арналған кеште қазақ тілін үйренушілер ұлттық ән мен жырды тыңдап, қазақ мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.