Абай облысының полициясы азаматтарды телефон алаяқтығының жаңа тәсілі туралы ескертті. Қаскөйлер өздерін киберполиция қызметкері ретінде таныстырып, тұрғындардың жеке деректері мен ақшасын иемденуге тырысады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полиция мәліметінше, алаяқтар алдымен байланыс операторының атынан қоңырау шалып, интернет тарифін ұзартуды ұсынады. Кейде аурухана, жылу немесе электрмен жабдықтау мекемелерінің қызметкері болып хабарласуы мүмкін.
Одан кейін азаматқа басқа адам қоңырау шалып, өзін киберполиция қызметкері ретінде таныстырады. Ол алдыңғы қоңыраудың алаяқтардан түскенін айтып, банк шотындағы ақшаға қауіп төніп тұрғанына сендіруге тырысады.
Осы сылтаумен қаскөйлер ақшаны «сақтап қалу» немесе шотты «қорғау» үшін SMS арқылы келген растау кодтарын, банк картасының деректерін және басқа да құпия ақпаратты сұрайды.
Полиция мұндай жағдайда ешкімге SMS-кодтарды, құпиясөздерді және банк деректерін бермеуге шақырады. Сондай-ақ белгісіз адамдардың нұсқауымен ақша аудармау және «қауіпсіз шот» туралы ұсыныстарға сенбеу қажеттігін ескертеді.
Күмәнді қоңырау түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, хабарласқан ұйымның ресми нөмірі арқылы ақпаратты өз бетінше тексеру керек.
Егер азамат банк деректерін беріп қойған болса, шұғыл түрде банкке хабарласып, шоттарын қорғау шараларын қабылдауы қажет. Ал алаяқтыққа тап болған жағдайда полицияға жүгінген жөн.
ІІМ полиция қызметкерлері телефон арқылы SMS-кодтарды, банк құпиясөздерін сұрамайтынын және ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды талап етпейтінін еске салды.
Бұған дейін Астанада жалған концерт билеттерін сатпақ болған жас жігіттің анықталғаны хабарланған еді.