Астанада авиациялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Бүгін, 16:52
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада авиациялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды
Фото: Көлік министрлігі

Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Авиациялық қауіпсіздік апталығы – ICAO Security Week 2026 аясында Астанада жоғары деңгейдегі баяндамалар сессиясы өтті. Сессияның негізгі тақырыптары халықаралық ынтымақтастықты нығайту, мемлекеттік қадағалау жүйесін жетілдіру және азаматтық авиацияны қорғау үшін заманауи технологияларды қолдану болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Сессияда Канада Көлік министрінің қауіпсіздік және қорғау мәселелері жөніндегі орынбасарының көмекшісі Лиза Дж. Сетлакве, Ресей Федерациясының Көлік саласындағы қадағалау жөніндегі федералдық қызметінің басшысы Виктор Гулин, Африка азаматтық авиация комиссиясының (AFCAC) бас хатшысы АдеСева Адейеми және Латын Америкасы азаматтық авиация комиссиясының (LACAC) бас хатшысы Хайме Биндер баяндама жасады.

Сессия барысында Лиза Сетлакве геосаяси шиеленіс, қарулы қақтығыстар және киберқауіптердің күшеюі жағдайында мемлекеттердің іс-қимылдарын үйлестіру қажеттігін атап өтті. Ол халықаралық стандарттарды әзірлеудегі ИКАО-ның рөліне және қауіп-қатерлер туралы ақпаратпен уақтылы алмасудың маңыздылығына, соның ішінде Канаданың Safer Skies бастамасы аясындағы жұмысқа ерекше назар аударды.

«Авиация жүйесінің даму деңгейі мен қауіпсіздік шараларының жетілдірілуіне қарамастан, ешбір мемлекет бұл сын-қатерлерді жалғыз өзі еңсере алмайды», – деп атап өтті Лиза Сетлакве.

Виктор Гулин мемлекеттік қадағалауды жетілдіру, заңбұзушылықтардың алдын алу және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі тәсілдерді таныстырды. Атап айтқанда, ұлттық қадағалау жүйелерінің ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік саласындағы әмбебап аудит бағдарламасымен (USAP) өзара іс-қимылы, авиациялық ұйымдардың өзін-өзі бағалау тетіктерін қолдануы және міндетті талаптардың сақталуын жария түрде мәлімдеу мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ кибершабуылдар жасау үшін жасанды интеллектіні пайдалануға байланысты тәуекелдер атап өтілді.

«Халықаралық азаматтық авиациядағы терроризмге қарсы күрес декларативті сипатта емес, жүйелі әрі дәйекті түрде жүргізіліп, бақылау мен профилактиканың ең заманауи құралдарына сүйенуі тиіс», – деді Виктор Гулин.

АдеСева Адейеми AFCAC-тың африкалық мемлекеттерге ИКАО аудиттеріне дайындалу және түзету шараларын іске асыру кезінде қолдау көрсету жөніндегі қызметі туралы айтып берді.

«Цифрландыру – қауіпсіздік пен рәсімдерді жеңілдетуді байланыстыратын көпір. Қауіпсіз цифрлық құралдар, жолаушылар туралы ақпарат алмасу және сенімді шекаралық рәсімдер мемлекеттерге кімнің сапарға шыққанын анықтауға, заңды жолаушыларды өңдеу үдерісін жеделдетуге және назарды тәуекел деңгейі жоғары бағыттарға шоғырландыруға мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – Африка шекаралары арқылы кедергісіз әрі қауіпсіз сапарлауды қамтамасыз ету», – деді АдеСева Адейеми.

Хайме Биндер Латын Америкасы мен Кариб бассейні мемлекеттерінің ИКАО және LACAC-тың бірлескен өңірлік тобы аясындағы ынтымақтастық тәжірибесін таныстырды. Топтың жұмысы жүк тасымалының қауіпсіздігін, киберқауіпсіздікті, тәуекелдерді бағалауды, персоналды даярлауды және жолаушылар туралы деректерді басқаруды қамтиды. Баяндамашы мемлекеттердің халықаралық азаматтық авиацияны қорғаудағы ортақ жауапкершілігін және қауіпсіздік шараларының формальдылықтарды жеңілдетумен өзара байланысын атап өтті.

«Авиациядағы қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік. Бір әуежайда ұшаққа отырған жолаушы өзімен бірге сол мемлекеттің бақылау органдары мен мекемелеріне деген сенімді алып жүреді. Басқа елге келген кезде бұл сенім әлдеқайда кең жүйенің бір бөлігіне айналады. Ешбір мемлекеттік орган бүкіл жүйенің қауіпсіздігіне жалғыз өзі кепілдік бере алмайды. Біз бір-бірімізге тәуелдіміз», – деп атап өтті Хайме Биндер.

Сессияға қатысушылар ақпарат пен практикалық тәжірибе алмасудың, кадрлық әлеуетті дамытудың және ИКАО стандарттарын жүйелі түрде енгізудің маңыздылығын атап өтті. Мемлекеттер мен өңірлік ұйымдардың өкілдері авиациялық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша халықаралық диалог орнатуға мүмкіндік бергені және іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қазақстан мен ИКАО-ға алғыс білдірді.

Еске салсақ, Астанада авиациялық қауіпсіздік саласындағы әйелдердің рөлі талқыланды.