Астанада цирк маңайы жаңарып, көркейе түсті

Астанада цирк маңайы жаңарып, көркейе түсті
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Нұра ауданында Елорда циркінің маңын абаттандыру және көгалдандыру жұмысы аяқталды. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтарына арналған заманауи әрі жайлы демалыс орны әзірленді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігіне сілтеме жасап.

Абаттандыру аясында жаяу жүргіншілер жолдары, демалыс орындары мен автотұрақтар жаңартылып, заманауи көше жиһаздары орнатылды. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, гранит орындықтарға ағаш төсемдер төселіп, субұрқақ кешені жөнделді.

Сонымен қатар аумаққа сәндік жарықтандыру шамдары мен заманауи жарық тіректері орнатылды. Бұл кешкі уақытта серуендеуге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Көгалдандыру жұмысы да ауқымды түрде жүргізілді. Мұнда ағаштар, бұталар мен көпжылдық гүлдер отырғызылды. Жасыл желектерді күтіп-баптау үшін жергілікті суару жүйесі орнатылды.

Бұл тұрғындар мен қала қонақтарына бос уақытын тиімді өткізуге, отбасымен серуендеуге және цирктен кейін демалуға мүмкіндік жасайтын қауіпсіз, экологиялық таза әрі жайлы қалалық орта қалыптастыруға бағытталған.
Жаңартылған аумақ келушілер үшін ашық. Ол Нұра ауданындағы тағы бір жайлы демалыс пен серуендеу орнына айналады.

Айта кетейік, Республика күні қарсаңында Астанада бірқатар жаңа әлеуметтік және қоғамдық нысандар, сондай-ақ абаттандырылған қоғамдық кеңістіктер ашылып жатыр. Мұндай жобаларды іске асыру қала инфрақұрылымын дамытуға және елорда тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.