«Ақылды кітапхана: AI және ART әлемі»: елорда балабақшасында семинар өтті

Бүгін, 11:45
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
«Ақылды кітапхана: AI және ART әлемі»: елорда балабақшасында семинар өтті
фото: Оңалхан Өнерхан

Елордадағы №5 «Ақбота» балабақшасында «Ақылды кітапхана : AI және ART әлемі » тақырыбындағы қалалық семинар өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Эксперименттік алаң аясында өтіп жатқан іс-шараның мақсаты - балалардың кітапқа деген қызығушылығын ерте жастан AI платформасы арқылы арттыруды көздейді.

Аталған семинарға қалалық 8 балабақша өкілдері қатысып, тәжірибе алмасты.  

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы - кітап оқу екенін айтқан болатын. Осыған орай балабақшамызда балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатындағы жұмыс жүргізіліп жатыр. Астана қаласында кітапхана бойынша биыл қыркүйек айынан бастап эксперименттік алаң жүріп жатса, соның жалғасы ретінде бүгін өтіп жатқан семинар «Ақылды кітапхана: AI және ART әлемі» деп аталады. Бүгінгі семинарда балалар ертегімен ЖИ арқылы танысып, ертегідегі кейіпкермен тілдестіріп, тапсырмаларды орындап, одан кейін ертегіні өзінің түсінгені бойынша қиялымен суретте кескіндейді. Балалардың салған суретін ЖИ-мен тірілтіп, мультфильмге айналдырамыз.

Бұл жаңа платформаны логопед, дефектолог, қазақ тілінің маманы, басқа да мамандар өз салалары бойынша пайдалана алады. Яғни, ЖИ-ді жетекші құрал ретінде қолдана алады», - дейді №5 «Ақбота» балабақшасы меңгерушісі Мөлдір Жолбарысова.

Семинар ақылды кітапхананың ашылуын басталды. Сондай-ақ, жаңа АІ платформаның мүмкіндіктері таныстырылды.

«Астана қаласындағы мектепке дейінгі ұйымдарда Білім басқармасы атынан, білім беруді жаңарту орталықтары тарапынан тың идеялар, жақсы бағыт-бағдарлар қолға алынып жатыр. Әсіресе, балабақшаларда эксперименттік алаңдар ашуға серпін берілуде. Жүргізіліп жатқан жұмыстарда балалармен жұмыс істеудің тың идеялары, инновациялық технологияны қолдану, соның ішінде ЖИ-мен жұмыс істеуге бағытталған эксперименттік тақырыптар өте көп. Бұл - қуантарлық жағдай. Соның ішінде «Ақбота» балабақшасында осы бағытта көптеген жұмсыс жүргізіліп жатыр. Бұдан бұрын осы балабақша меңгерушісі Мөлдір Жолбарысованың шетелге дейін танымал болған «Алаңдағы бестемше» ұлттық ойыны нәтижелі жұмыстар жасалып келсе, бүгін тағы бір тың идеяның арқасында балалардың ерте жастан кітап оқуға деген құштарлығын артыру үшін AІ кітапхана ашылып жатыр. Қазіргі альфа балалардың ойлауы, психологияық дамуында көптеген ерекшеліктер бар. Сондықтан ЖИ арқылы, аудио-видео, түрлі ойын арқылы жүргізілетін жұмыстардың маңызы зор. Міне, осы мақсат балабақшада жақсы жолға қойылған, мамандар да осыған бағытталып, өздерінің әріптестерімен тәжірибе бөлісуде. Осы тәжірибені қала деңгейінде, тіпті республика деңгейіне шығаруға мүмкіндері бар», - дегене ойымен бөлісті  Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің  профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Фатима Жұмабекова.

Айта кетейік, №5 «Ақбота» балабақшасында әлемдік білім тәжірибелерінен бөлек, ұлттық құндылықтарға аса мән беріледі.