Италия сахнасына жолдама: Ауыл балаларының ән байқауы өтеді

Италия сахнасына жолдама: Ауыл балаларының ән байқауы өтеді
Фото: Ұйымдастырушылар

«Auyl Art Fest» халықаралық вокалдық байқауы басталды. Байқау ауылда тұратын таланты балалар кәсіби деңгейде өнер көрсетіп, Италияның Санремо қаласында өтетін итальян әнінің 77-фестивалі аясында сахнаға шығу мүмкіндігін ұсынады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ұйымдастырушыларға сілтеме жасап.

Бұл ауыл балалары мен жасөспірімдерінің шығармашылық қабілетін ашуға бағытталған әлеуметтік жоба. Байқауға өтінім art.auyl.kz сайты арқылы 15 қазан мен 1 желтоқсан аралығында қабылданады.

Жобаның басты мақсаты — жас орындаушылардың талантын ашуға, кәсіби бағалаудан өтуіне және үлкен сахнаға жол ашуына мүмкіндік беру.

Шағын ауылда тұратын бала үшін кәсіби музыкалық өнерге жол табу оңай емес. Арнайы музыкалық білім алу, байқауларға қатысу және сахнада өнер көрсету мүмкіндіктері кейде географиялық қашықтық пен инфрақұрылымның шектеулі болуына байланысты қолжетімсіз болуы мүмкін. «Auyl Art Fest» осы кедергілерді азайтып, тұрғылықты жеріне қарамастан баланың талантына назар аударуға және қолдау көрсетуге бағытталған.

Жобаның бастамашысы — «Di Canto Italiano» академиясының жетекшісі, опера әншісі, дирижер әрі Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы Батыржан Смақов. 

Байқауға ауылдық жерде тұратын 7 мен 18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер қатыса алады. Өтінім беру үшін қатысушы өзі таңдаған әнді орындап, бейнежазбасын онлайн форматта жіберуі қажет. Мұндай формат еліміздің әр өңіріндегі жас вокалистерге алғашқы кезеңде басқа қалаға бармай-ақ, қабілетін көрсетуге мүмкіндік береді.

Байқау бірнеше кезеңнен тұрады. Онлайн жартылай финал 6–21 желтоқсан аралығында өтеді. Ал финал мен гала-концерт Астана қаласында 2027 жылғы қаңтардың басында ұйымдастырылады. Екі жеңімпаздың есімі гала-концертте жарияланады.

Қатысушылардың өнерін Қазақстанның білікті педагогтері мен еңбек сіңірген қайраткерлерінен құралған кәсіби қазылар алқасы бағалайды. Қазылар алқасы жас орындаушылардың вокалдық қабілетін, музыкалық сезімін және сахналық дайындығын ескереді. Қазылар алқасы мүшелерінің есімдері ұйымдастырушылар тарапынан қосымша жарияланады.

Байқаудың басты жүлдесі — Италияның Санремо қаласында өтетін итальян әнінің 77-фестивалі аясында өнер көрсету мүмкіндігі. Жеңімпаздардың Италияға сапары 2027 жылғы 14–20 ақпан аралығына жоспарланған. Бұл жас орындаушылар үшін халықаралық сахналық тәжірибе жинауға, Италияның музыкалық мәдениетімен танысуға және шетелде Қазақстан атынан өнер көрсетуге мүмкіндік береді.

Батыржан Смақов — «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, Италия Жұлдызы орденінің кавалері, ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік үшін өнерпаз» атағының иегері, халықаралық байқаулардың лауреаты және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Алтын медальдің иегері. 

2024 және 2025 жылдары Батыржан Смақов Қазақстан мен Италияның Санремо қаласындағы музыкалық бастамаларды біріктірген Sanremo Junior Kazakhstan телевизиялық шоу-жобасының көркемдік жетекшісі болды.