Қазақстанда «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына 1,4 миллионнан астам адам қатысып жатыр. Бұл туралы Астанада Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте айтылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кеңесте марафонның аралық нәтижелері мен кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған алдағы бастамалар талқыланды.

Президенттің «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру аясында ұйымдастырылған жобаға мектеп оқушылары, студенттер, педагогтер, отбасылар, еңбек ұжымдары, мемлекеттік қызметшілер мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысып жатыр.
Еліміздің барлық өңірінде жобалық кеңселер құрылып, қазақ және орыс тілдеріндегі 345 әдеби шығармадан тұратын бірыңғай тізім әзірленген. Сондай-ақ қатысушыларға арналған reading-nation.kz цифрлық платформасы жұмыс істейді.

Марафонға қатысушылар осы платформада оқыған кітаптары туралы пікірлерін жариялайды. Бұл көрсеткіш бойынша Ақтөбе облысы көш бастап тұр. Өңірде 25 557 пікір жарияланған. Одан кейін Солтүстік Қазақстан облысы (14 249) мен Қызылорда облысы (14 037) орналасқан.
Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген 20 мыңға жуық қатысушының 14 мыңнан астамы кітап туралы пікір қалдырған. Бұл өңірдегі қатысушылардың шамамен 75 пайызын құрайды.
Ал әлеуметтік желілердегі бейнепікірлер саны бойынша Астана қаласы мен Жамбыл облысы алда келеді. Жалпы елімізде оқылған шығармалар туралы 20 мыңнан астам бейнепікір жарияланған. Оның 3 мыңға жуығы елордаға, 1 699-ы Жамбыл облысына тиесілі.
Кеңесте өңір өкілдері оқырмандардың белсенділігін арттыру тәжірибесімен бөлісті. Әсіресе, ауылдық жерлерде кітап оқуды насихаттауға, әдебиеттердің қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ жобаға қоғам қайраткерлерін, кәсіпкерлер мен шығармашылық зиялы қауым өкілдерін тартуға назар аударылды.

Ұсынылған бастамалардың қатарында дүкендерде арнайы кітап сөрелерін орналастыру, жазушылармен кездесулер өткізу, әдеби шығармалар негізінде комикстер, кітап трейлерлері мен қысқа бейнероликтер әзірлеу бар.
Сонымен қатар «Kitap Talks» өңірлік медиажобасын іске қосу және «Kitap Quiz» зияткерлік ойындарын ұйымдастыру ұсынылды.
«Билет с книгой» бастамасы аясында мәдениет мекемелерінің электронды билеттері мен ақпараттық материалдарына марафон туралы мәліметтер мен QR-кодтар орналастыру жоспарланып отыр.
Кітап оқуды насихаттау жұмыстарына кітапханаларды, жоғары оқу орындарын, өңірлік креативті хабтар мен қоғамдық кеңістіктерді кеңінен тарту көзделген. Бұл бастамалар ауылдар мен шалғай елді мекендерді де қамтуға тиіс.

Кеңес қорытындысында өңірлік жобалық кеңселердің жұмысын үйлестіруді жетілдіру, марафонға қатысушылар санын арттыру және жоба нәтижелерін жүйелі бақылау жөніндегі міндеттер белгіленді.