ROAD TO ASTANA 2027: Әлем чемпионатының эстафетасы Ақтөбеде жалғасты

ROAD TO ASTANA 2027: Әлем чемпионатының эстафетасы Ақтөбеде жалғасты
Фото: ұйымдастырушылардан

Ақтөбеде 2027 жылы Астанада өтетін үстел теннисінен әлем чемпионатына арналған ROAD TO ASTANA 2027 спорттық-мәдени фестивалі өтті. Қала әлем чемпионатының ресми туы сапарының үшінші аялдамасына айналды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ақтөбе қаласындағы Үстел теннисі орталығында ұйымдастырылған фестивальге кәсіби спортшылар, жаттықтырушылар, жас теннисшілер мен спорт жанкүйерлері қатысты.

ITTF World Table Tennis Championships Finals Astana 2027 әлем чемпионаты 2027 жылғы 22-30 мамыр аралығында Қазақстан астанасында өтеді.

Әлем чемпионатының ресми туының сапары биыл мамыр айында Лондонда басталған. Қазақстан келесі әлем чемпионатын қабылдаушы ел ретінде туды салтанатты түрде қабылдап, Астанаға жеткізді. Кейін ту еліміздің өңірлерін аралауға аттанды.

4 қазанда эстафетаны Өскемен, 11 қазанда Көкшетау қабылдаса, 18 қазанда Ақтөбеде жалғасты.

Фестиваль барысында әлем чемпионатының ресми туын салтанатты түрде алып шығу рәсімі өтті. Бұл міндет Қазақстан чемпионатының жүлдегері, спорт шеберлігіне үміткер Рахман Алтынбекұлы мен Қазақстан чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері, WTT Contender Tashkent халықаралық турнирінің жүлдегері Нұрай Жанаеваға жүктелді.

Іс-шараға Ақтөбе облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Ахамбай қатысты.

Фестиваль аясында «Батыс» этнотобы өнер көрсетіп, «Батырлар жыры» және «Алаш ұраны» музыкалық туындылары орындалды. Жас теннисшілер көрнекі ойындар өткізіп, келушілер шеберлік сабақтары мен спорттық челлендждерге қатысты.

Іс-шара алаңында 12 теннис үстелі орнатылып, интерактивті аймақтар, фотозона, қолөнер шеберлері мен жергілікті өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылды.

ROAD TO ASTANA 2027 жобасының мақсаты – үстел теннисін насихаттаумен қатар, Қазақстанның табиғатын, мәдениеті мен ұлттық дәстүрлерін таныстыру және өңірлерді алдағы әлем чемпионаты төңірегінде біріктіру.

Эстафетаның келесі аялдамасы – Түркістан қаласы. Одан кейін әлем чемпионатының ресми туы Астанаға жеткізіледі.

2027 жылғы 22–30 мамыр аралығында елордада әлемнің үздік үстел теннисшілері бас қосады.