Қазақстанда судьяларды даярлау жүйесін жетілдіруге, олардың кәсіби біліктілігін арттыруға және сот төрелігінің сапасын жақсартуға басымдық беріліп отыр. Бұл туралы Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Дмитрий Малахов «Айқын» газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жоғары Сот Кеңесінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дмитрий Малаховтың айтуынша, судья кадрларын даярлау ісіндегі маңызды өзгерістердің бірі – Сот төрелігі академиясының 2024 жылғы 15 шілдеден бастап Жоғары Сот Кеңесінің қарамағына берілуі.
Бұл шешім болашақ судьяларды даярлау мен кәсіби судьялар корпусын қалыптастыру жұмысын өзара байланыстыруға мүмкіндік берген. Сонымен қатар білім беру бағдарламаларын әзірлеу кезінде сот тәжірибесінің нақты қажеттіліктерін ескеруге жол ашқан.
Қазіргі таңда Академияда теориялық біліммен қатар практикалық дайындыққа ерекше көңіл бөлінеді. Оқу процесіне жұмыс істеп жүрген судьялар мен ғалымдар тартылып, тыңдаушылар сот істерін талдайды, сот отырыстарын модельдейді және сот актілерінің жобаларын әзірлейді.
Сондай-ақ болашақ судьялардың талдау қабілетін, құқықтық дәлелдеу дағдыларын дамытуға және кәсіби әдеп талаптарын сақтауына басымдық беріледі.
2025 жылдан бастап судья лауазымына біліктілік емтиханын тапсыруға үміткерлерді даярлайтын референдиат жұмыс істейді. Бұдан бөлек, қызметтегі судьялардың кәсіби қажеттіліктеріне қарай олардың біліктілігін арттырудың жеке бағдарламаларына кезең-кезеңімен көшу басталған.
Сол жылы Сот төрелігі академиясы «Құқық» бағыты бойынша докторантураға мемлекеттік лицензия алып, ғылыми қызмет субъектісі ретінде аккредиттеуден өтті. Академиядағы ғылыми зерттеулердің тәжірибеде қолданылуына ерекше мән беріліп отыр.
Сонымен қатар шетелдік білім беру және ғылыми ұйымдармен, оның ішінде Орталық Азия мен түркі мемлекеттерінің мекемелерімен ынтымақтастық кеңейіп келеді. Халықаралық тәжірибе Қазақстанның ұлттық құқықтық жүйесінің ерекшеліктерін ескере отырып зерделенеді.
Дмитрий Малахов құзыретті, тәуелсіз әрі жауапты судьялар корпусын қалыптастыру ұзақ мерзімді әрі жүйелі жұмысты талап ететінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыттағы өзгерістер құқық үстемдігін нығайтуға, сот төрелігінің сапасын арттыруға және азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін күшейтуге бағытталған.
Бұған дейін Қазақстанның экологиялық сот төрелігі саласындағы тәжірибесі Бішкекте таныстырылғанын жаздық.