Алатау қаласында алғашқы зәулім ғимараттың құрылысы басталды

Алатау қаласында алғашқы зәулім ғимараттың құрылысы басталды
Фото: primeminister.kz

Алатау қаласында алғашқы зәулім ғимарат – Iconic Complex көпфункционалды кешенінің іргетасы қаланды. Инвестиция көлемі 800 млн доллардан асатын жобаның салтанатты рәсіміне Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жаңа кешен Алатауда қалыптасып жатқан іскерлік орталықтың негізгі нысандарының біріне айналмақ. Жоба аясында биіктігі 272 және 78 метр болатын екі мұнара салынады. Мұнда кеңселер, тұрғын үйлер, қонақүй, сауда орындары мен қоғамдық кеңістіктер орналасады.

Салтанатты рәсімде Қанат Бозымбаев Алатау қаласының дамуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрақты бақылауында екенін атап өтті. Президенттің бастамасымен қалада инвесторларға қолайлы жағдай жасауға және заманауи басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталған арнайы құқықтық режим кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр.

Үкімет мәліметінше, 2026 жылдың тоғыз айында Алатау қаласының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 1,6 есеге өсіп, 70,3 млрд теңгеге жеткен. Қазіргі уақытта қаланың инвестициялық портфелінде жалпы құны шамамен 6,9 млрд доллар болатын 67 жоба бар. Оларды іске асыру нәтижесінде 55 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Қаланың инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Бүгінде резервтен 35,3 млрд теңге бөлінген 28 жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, «Көкпа-1» қосалқы стансасы жаңғыртылып, сумен жабдықтау нысандары салынып, автомобиль жолдары жөнделуде.

Премьер-министрдің орынбасары Iconic Complex құрылысы кезінде сапа мен қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігін айтты. Әсіресе, сейсмикалық қауіпсіздікке, энергия тиімділігіне, құрылыс мерзімдеріне және отандық компаниялар мен мамандарды тартуға басымдық берілмек.

«Iconic Complex жобалау мен құрылыс сапасының жаңа стандартын қалыптастырып, Алатаудың заманауи қала ретінде дамуына үлес қосады деп сенеміз. Жоба белгіленген мерзімде, сапа мен қауіпсіздіктің жоғары талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылуы тиіс», – деді Қанат Бозымбаев.

Сонымен қатар арнайы құқықтық режим аясында халықаралық сарапшылардың қатысуымен жобалау құжаттамасына тәуелсіз техникалық сараптама жүргізу тетігі енгізілген.

Iconic Complex жобасының бас мердігері – China State Construction Engineering Corporation (CSCEC) компаниясы. Ал сәулеттік тұжырымдамасын америкалық Skidmore, Owings & Merrill (SOM) сәулет бюросы әзірлеген.

Кешен құрылысын 2029 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатаудың Еуразиядағы технологиялар мен инвестициялардың жаңа орталығына айналатынына сенім білдірген болатын.