Қазақстанда қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 34 жобаны қаржыландыруға 122,6 млрд теңге бөлінді. Қаражат кәдеге жарату төлемдері есебінен қарастырылған, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, Экология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағы Инвестициялық штаб жалпы құны 440 млрд теңге болатын 67 жобаны мақұлдаған. Оның 34-і қаржыландырылды.

Қаржыландырылған жобалардың алтауы жылына 650 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықты сұрыптайтын нысандар құруды көздейді. Тағы 18 жоба аясында жылына 435 мың тонна қалдықты қайта өңдейтін өндірістік қуат іске қосылмақ. Ал 10 жоба бойынша 177 бірлік арнайы техника сатып алу жоспарланған.
Қазіргі уақытта 15 жоба пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде 131 бірлік арнайы техника сатып алынып, жылына 290 мың тонна қалдықты сұрыптауға мүмкіндік беретін желілер іске қосылды. Сондай-ақ жылдық қуаты 19,3 мың тонна болатын қайта өңдеу өндірістері пайдалануға берілген.

Қаржыландырудың басым бөлігі Алматы қаласы, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе және Қостанай облыстарындағы жобаларға бағытталған.
Бұдан бөлек, қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамыту жұмыстары Астанада, Шымкентте, Атырау, Ақмола, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында, сондай-ақ еліміздің өзге өңірлерінде жүргізіліп жатыр.

Жобалар аясында макулатура, пластик бөтелкелер, автокөлік шиналары және басқа да қалдық түрлерін қайта өңдеу, қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғырту және арнайы техника паркін жаңарту көзделген.
Министрлік мәліметінше, бірқатар жаңа жоба қарау, келісу және қаржыландыруға дайындау кезеңінде тұр.
Айта кетейік, кәдеге жарату төлемдерінен түскен қаражат Қазақстанның Экологиялық кодексіне сәйкес бөлінеді. Бұл бастамалар қалдықтарды қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға, полигондарға жіберілетін қоқыс мөлшерін азайтуға және қайталама шикізатты қайта пайдалануға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Ақтөбеде тәулігіне 150 тоннаға дейін макулатура өңдейтін зауыт салынып жатқаны хабарланған еді.




