Ақмолада елді мекендерді сумен қамтамасыз етуге 150 млн текше метрден астам су жіберілді

Бүгін, 15:53
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Ақмолада елді мекендерді сумен қамтамасыз етуге 150 млн текше метрден астам су жіберілді
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Қазсушар» РМК Ақмола филиалының директоры Ербол Әскербеков пен Есіл бассейндік су инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Айбек Серәлі облыстағы вегетация кезеңінің қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап. 

Биыл филиал су тұтынушыларымен су беру бойынша 50 келісімшарт жасасты. Егістіктерді суаруға шамамен 7 млн текше метр су берілді. Нәтижесінде 2,9 мың гектардан астам жер суарылды. Оның ішінде 2,36 мың гектар алқапта су үнемдеу технологиялары қолданылды.

Астана қаласын қоса алғанда, елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз етуге 150 млн текше метрден астам су бағытталды.

Сондай-ақ Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесіндегі су теңгерімін сақтау және биоалуантүрлілікті қорғау мақсатында жыл сайынғы табиғат қорғау мақсатындағы су жіберу жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсатқа 40 млн текше метр су бөлінді.

Бұдан бөлек, филиал 14 гидротехникалық нысанға кешенді тексеру жүргізді. Тексерілген нысандардың қатарында Преображенский гидроторабы мен Қоянды су қоймасы бар. Астана, Шағалалы және Краснобор су қоймаларында, «Нұра-Есіл» каналында, Кеңбидайық гидроторабында және «Алва» лимандық суару жүйесінде жөндеу жұмыстары орындалды.

Қазіргі уақытта жеті жоба іске асырылып жатыр. Олардың қатарында «Алва» лимандық суару жүйесінің бас құрылысын және Астана қаласының қорғаныш бөгетін реконструкциялау жобалары бар. Сонымен қатар су шаруашылығы кешендерін реконструкциялау бойынша 11 жоба әзірленіп жатыр.

«Бұл жобалардың барлығының ортақ мақсаты – гидротехникалық құрылыстардың сенімділігі мен қауіпсіздігін арттыру, заманауи технологиялар мен су ресурстарын басқарудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу. Сонымен қатар филиал 2027 жылғы көктемгі су тасқынына алдын ала дайындық жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, инертті материалдар қоры әзірленіп, техника жұмылдырылуда, жүк көтергіш механизмдер тексеріліп, материалдық-техникалық база нығайтылуда», – деді «Қазсушар» РМК Ақмола филиалының директоры Ербол Әскербеков.

Еске салайық, бұған дейін биыл егіс алқаптарын суару үшін 11,1 млрд текше метрден астам су пайдаланылғаны туралы жаздық.