Header Banner

Қар барысын қорғау мәселесі Қазақстан мен Татарстан министрлерінің кездесуінде талқыланды

Бүгін, 16:48
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қар барысын қорғау мәселесі Қазақстан мен Татарстан министрлерінің кездесуінде талқыланды
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Кездесу барысында тараптар биологиялық әртүрлілікті сақтау және қар барысын қорғау саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап. 

Кездесу барысында Қазақстанда қар барысын сақтау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелер таныстырылды.

«2000 жылдардың басында еліміздегі қар барысының саны 100–110 дарақ деп бағаланса, 2025 жылғы деректер бойынша олардың саны 200-ге жуықтады.

Қар барысының Қазақстандағы мекендеу аумағының шамамен 80%-ы ерекше қорғалатын табиғи аумақтармен қамтылған. 2025 жылы Жамбыл облысында қар барысының табиғи мекендеу орындарын қоса алғанда, табиғи кешендерді сақтау мақсатында «Меркі» өңірлік табиғи паркі құрылды», - делінген хабарламада. 

Сондай-ақ, зоология институты ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қызметкерлерімен бірлесіп, фототұзақтар мен спутниктік қарғыбауларды пайдалана отырып, ғылыми зерттеулер мен мониторинг жүргізуде.

2026 жылы спутниктік қарғыбау тағылған қар барыстарының саны 17 дараққа жеткен.

Кездесу барысында, бұдан басқа, Татарстан Республикасының Алтай Республикасында «Қар барысы» ғылыми орталығын құру, сондай-ақ Қырғыз Республикасымен бірлесіп «Ақ Илбирс» ғылыми-зерттеу орталығын ашу жөніндегі бастамалары атап өтілді.

Кездесу қар барысын сақтау саласындағы халықаралық ғылыми және табиғат қорғау ынтымақтастығын одан әрі дамытуға бағытталды.

Еске салайық, бұған дейін Іле-Алатауы ұлттық паркі қар барысын спутниктік бақылауда ұстап отырғаны туралы жаздық.