Астанада ауыр атлетикадан ұлттық құраманың бас бапкері Дәурен Бекмұханбетов Elordainfo.kz тілшісіне ел чемпионатындағы көрсеткіштерді саралап, көзге түскен жас зілтеміршілер мен ұлттық құраманың жаңа олимпиадалық циклдегі жоспары туралы айтып берді.
- Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Жалпы жарыстың ұйымдастырылуы мен спортшылардың өнеріне көңіліңіз толды ма?
- Қазақстанның 16 өңірінен 150-ден астам зілтемірші бас қосқан бәсеке жақсы деңгейде өтті деп санаймын. Себебі, Астана қаласында құрылған жаңа федерация бірден ел чемпионатын қабылдауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ олар елордада жаңа, заманауи дайындық залын қолданысқа берді. Жарыс спортшыларға да, төрешілерге де, бапкерлерге де ұнады. Чемпионаттағы көрсеткіштерге келетін болсақ, әлі де алда істейтін жұмыс көп.
- Көктемде өткен Қазақстан чемпионатымен салыстырғанда, бұл жолғы нәтижелер біршама төмен болды. Мұның басты себебі неде деп ойлайсыз?
- Жылдың басындағы Қазақстан чемпионатында еліміздің көптеген үздіктері ел додасына мақсатты түрде дайындалып, жоғары көрсеткіш тіркеді. Нәтижесінде олар Азия чемпионаты, жазғы Азия ойындары, әлем чемпионаты сынды маңызды додаларда ел намысын қорғады. Барлық күшін халықаралық жарысқа дайындауға жұмсағандықтан, ел додасында толыққанды бабында болмады деуге болады. Оның үстіне спортшылар әр жарыста толық мүмкіндігін тұрақты түрде көрсете бермейді. Күз мезгілінде ғана Лос-Анджелес Олимпиадасының жаңа циклі басталғандықтан, біз бірінші кезекте зілтеміршілердің денсаулығына көңіл бөлеміз.
- Чемпионат барысында қай спортшылардың өнері ерекше әсер қалдырды? Өзін жақсы қырынан көрсеткен жаңа есімдер болды ма? Сондай-ақ қай салмақ дәрежелерінде бәсекелестікті күшейту қажет деп санайсыз?
- Бірқатар спортшы өзін жақсы көрсете алды деп санаймын. Жасөспірімдер арасында Азия чемпионы, 85 келіде топ жарған Ақжол Құрманбек (Жетісу облысы), Әлішер Байбуров (5-орын), Жасөспірімдер арасында әлем чемпионы, 95 келіге көтерілген Ерасыл Сәулебеков (қола жүлде), 70 келіде Дәулет Алпысбай (күміс жүлде), 65 келіде Абылай Анамбай (қола жүлде), аса ауыр салмақта Сағынбек Самарқан (күміс жүлде) ерекше атап өтуге болады. 2026 жылы 95 келіде жасөспірімдер арасында әлем және Азия чемпионы атанған Нұржан Жұмабай ересектер арасындағы нәтижесі ерекше қуантты. Ол қоссайыста 365 келімен күміс жүлде алса да, жасөспірімдер арасында бейресми әлем рекордын тіркеді.
Енді біздің мақсатымыз - әр салмақта бәсекелестікті күшейтіп, резервті жасақтау.
- Жаңа олимпиадалық цикл аясындағы іріктеу жарыстары басталып кетті. Желтоқсан айында Дохада өтетін халықаралық турнирге Қазақстан құрамасынан кімдер қатысады?
- 7-16 желтоқсан аралығында өтетін, Олимпиадаға іріктеу ретінде саналатын жарыс жайлы мәселені қарастырып жатырмыз. Дәл қазір Азия ойындарының күміс жүлдегері Алексей Чуркин ғана баратыны нақтыланды.
- Сұхбатыңызға рахмет!