Астанада алғаш рет өтетін таеквондодан Гран-при сериясының финалына ұлттық құрама қарқынды дайындалып жатыр. Осы орайда Қазақстан құрамасының бапкер-кеңесшісі, Ираннан келген маман Али Таджик Elordainfo.kz тілшісіне спортшылардың дайындығы, алдағы доданың маңызы және 2027 жылғы әлем чемпионатына қатысты жоспарларымен бөлісті.
- Бірнеше күннен кейін Астанада алғаш рет Гран-при финалы өтеді. Ұлттық құраманың осы жарысқа дайындығы қалай жүріп жатыр?
– Біздің құрамамызда әлемнің үздік таеквондошыларының қатарынан орын алған спортшылар бар. Олардың қатарына Азия ойындарының чемпионы Тамирлан Тілеулес (58 келі), Батырхан Төлеуғали (80 келі), Рита Бакишева (49 келі) және Мария Севастьянова (57 келі) кіреді. Сондай-ақ Гран-при финалына әлемдік рейтингтің үздік он бестігіне енген спортшылар қатысады деп күтіп отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, Гран-при сериясының финалы – жылдың ең күрделі жарыстарының бірі.
Біз бұл додаға жақсы дайындалдық. Спортшыларымызды әлемнің үздіктерімен бәсекеге түсуге жігерлендіріп, олардың ынтасын арттыруға тырыстық. Үмітіміз зор. Шәкірттерімізден жоғары нәтиже күтеміз. Бұйырса, көздеген мақсатымызға жетеміз деп сенемін.
- Ұлттық құрама спортшыларына тоқталсақ, Тамирлан Тілеулес Азия ойындарының чемпионы атанса, Батырхан Төлеуғали мен Рита Бакишева қола жүлдеге ие болды. Олардың қазіргі дайындығын қалай бағалайсыз?
– Өздеріңіз білетіндей, Гран-при финалының алдында Қазақстан чемпионаты өтті. Спортшылар өз клубтары мен командаларында жақсы дайындықтан өтті. Ал үш апта бұрын ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынын бастадық. Спортшылардың дайындығын жетілдіру үшін, арнайы жаттығу жоспарын әзірледік.
Қазіргі уақытта олардың дайындығы жақсы деңгейде. Жарысқа деген ынтасы жоғары, психологиялық тұрғыдан да дайын. Бірқатар талдау жұмыстарын жүргізіп, спортшылармен бірнеше рет кездесіп, әңгімелестік.
Мұндай күрделі жарыстарда спортшының жігері, дұрыс шешім қабылдауы және эмоциясын басқара білуі аса маңызды. Әрине, физикалық, техникалық және тактикалық дайындықтың да маңызы зор. Осы бағыттардың барлығын қамтитын кешенді жаттығулар өткіздік.
Спортшыларымыз жақсы өнер көрсетеді деп үміттенеміз. Қазақстандағы барша таеквондо жанкүйері олардың өнеріне риза болады деп сенемін.
- Гран-при финалын келесі жылы Астанада өтетін әлем чемпионатына дайындықтың бір кезеңі деп айта аламыз ба?
– Әрине, неге айтпасқа? Гран-при финалы – Олимпиада ойындарының жолдамасын иелену жолындағы алғашқы әрі аса маңызды қадам. Сонымен қатар қазіргі оқу-жаттығу жиыны – әлем чемпионатына мықты құрама жасақтау бағытындағы жұмыстың алғашқы кезеңі. Бұйырса, жаһандық додаға қатысатын ең үздік спортшыларды іріктеп алуды көздеп отырмын.