2027 жылы 1 наурыздан бастап Қазақстанда қонақүй қызметін көрсетудің ұлттық стандарты қолданысқа енгізіледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
Ол «Туризм және ілеспе қызметтер. Қонақүйлер. Қызметтерге қойылатын талаптар» ҚР СТ ISO 22483-2026 стандарты ISO 22483:2020 халықаралық стандарты негізінде әзірленген. Құжатты Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы бекітті.
ҚазСтандарт әзірлеген құжат санатына қарамастан барлық қонақүйге арналған. Ол нөмірді брондаудан бастап қонақүйден шыққанға дейінгі қызмет көрсетудің барлық кезеңін қамтиды.
«Стандартқа сәйкес, қонақ нөмірді брондамас бұрын оның құнын, алдын ала төлем жасау қажеттілігі мен броньнан бас тарту шарттары туралы ақпарат алуы тиіс. Брондау өтінімін қарау мерзімі 24 сағаттан аспауы қажет. Қонақүйге орналасу және одан шығу уақытын әр қонақүй өзі белгілейді. Дегенмен стандарт қонақтарды қабылдауды сағат 14:00-ден кешіктірмей бастауды, ал шығу уақытын сағат 12:00-ден ерте белгілемеуді ұсынады», делінген хабарламада.
Қонақ белгіленген уақытта келіп, нөмірі әлі дайын болмаса, қызметкерлер оның жүгін уақытша сақтауға қабылдауды ұсынуы тиіс. Сонымен қатар күту барысында қонақүй өз таңдауы бойынша қосымша қызмет көрсете алады – мысалы, қонаққа шай ұсынады.
«Тағы бір таңғы ас кезінде туындауы мүмкін жағдайды қарастырайық. Баласының жаңғаққа аллергиясы бар ата-аналар тағамның құрамын сұраған жағдайда, қызметкерлер толық ақпарат беруі тиіс. Сондай-ақ отбасының өтініші бойынша асүйдегі қолда бар азық-түліктерді ескере отырып, құрамында жаңғақ жоқ кемінде бір тағам ұсынылуы қажет.
Қонақтар тәулік бойы ауызсумен қамтамасыз етілуі тиіс, ал нөмірлер күнде тазалануы қажет. Алайда есікке «Мазаламаңыз» деген тақтайша ілінсе, тазалау жұмыстары кейінге қалдырылады. Егер қонақ нөмірде болған жағдайда тазалау жұмыстарын оның рұқсатымен жүргізіледі. Қызмет көрсету сапасына қатысты шағымды ауызша да, жазбаша да беруге болады. Қонақүй өтінішті тіркеп, қоны қарау нәтижесінде қабылданған шараларды көрсетуі тиіс», делінген хабарламада.
Жаңа стандартта қонақтардың қауіпсіздігіне де бірқатар талап қарастырылған. Мәселен, еден жуылғаннан кейін сырғанап құлау қаупі туралы ескерту белгісі қойылуы қажет. Бассейн маңындағы белгілерде оның тереңдігі, суға сүңгуге рұқсат етілгені және құтқарушының кезекшілікте болуы туралы ақпарат көрсетілуі тиіс. Құтқару құралдары көрінетін әрі еркін қолжетімді жерде орналастырылады.
Бассейнде жазатайым оқиға болған жағдайда қызметкерлер алдын ала әзірленген жоспарға сәйкес әрекет етіп, оқиғаны тіркейді. Қонақүй қызметкерлерін оқыту бағдарламасына алғашқы көмек көрсету және реанимацияның негізгі тәсілдері енгізіледі. Сондай-ақ стандарт қонақүйдің көрсететін қызметін ескере отырып, оның азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыруды көздейді.
Қонақүй басшылары үшін стандарт қызметкерлер мен мердігерлердің жұмысын бағалауға, қызметкерлер арасында міндетті нақты бөлуге және мамандарды оқытуды жоспарлауға мүмкіндік береді. Құжатта тамақтану гигиенасы мен қауіпсіздігіне, ортақ пайдаланатын орындардың тазалығына, жабдықтарға техникалық қызмет көрсетуге, іс-шаралар мен қонақтардың бос уақытын ұйымдастыруға қатысты талаптар да қамтылған.
Еске салсақ, биылғы бірінші жартыжылдықта Қазақстанның туристік қызметтер нарығында оң динамика байқалды.