Header Banner

Мектеп, баспана, аула: «Әділет» кандидаттары өзекті мәселелерді талқылады

Мектеп, баспана, аула: «Әділет» кандидаттары өзекті мәселелерді талқылады
Фото: Ұйымдастырушылар

Астанада «Әділет» партиясынан мәслихат депутаттығына кандидаттар Ined.kz жылжымайтын мүлік агенттігінің ұжымымен кездесті. Кездесуде елордадағы білім беру инфрақұрылымының жүктемесі, жылжымайтын мүлік нарығындағы алаяқтықтың алдын алу және тұрғын үй аулаларындағы өзекті мәселелер талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Басқосуға №11 сайлау округі бойынша кандидат Санира Жүсіпова, партиялық тізім бойынша кандидаттар Вероника Масимова мен Арсланбек Мағзұм қатысты.

Алғашқылардың бірі болып білім беру саласындағы мәселелер көтерілді. Төрт баланың анасы Вероника Масимова елордада мектептердегі орын тапшылығы әлі де өзекті екенін атап өтті. Қалада 121 мың оқушы орнына қажеттілік бар. Осы мәселені шешу үшін партия бағдарламасында жаңа мектептер құрылысын жалғастыру, балабақшалар желісін кеңейту және екі жастан алты жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көзделген. Сонымен қатар балалардың қосымша білім алуына, үйірмелер мен спорт секцияларына қолжетімділігін арттыруға басымдық берілген.

«Әр бала қай ауданда тұрса да, сапалы білім алуы керек. Егер депутат болып сайлансам, осы міндеттердің орындалуын қадағалаймын», – деді Вероника Масимова.

Ол білім беру нысандарын салумен қатар, мектептердегі оқу жағдайы мен білім сапасына да тұрақты назар аудару қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ тұрғындарды партияның ресми сайты арқылы өз ұсыныстары мен өтініштерін жолдауға шақырды.

Кездесудің келесі тақырыбы – жылжымайтын мүлік нарығындағы қызмет сапасы мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау. Санира Жүсіпова саладағы алаяқтық әрекеттердің кәсіби риэлторлардың беделіне нұқсан келтіріп отырғанын айтты. Оның мәліметінше, агенттікте 170-ке жуық маман еңбек етеді. Алайда әлеуметтік желілерде өзін риэлтор ретінде таныстырып, азаматтарды алдайтын тұлғалардың әрекеті бүкіл салаға деген сенімге кері әсерін тигізуде.

«Жылжымайтын мүлік нарығында, соның ішінде әлеуметтік желілерде өзін риэлтор ретінде таныстыратын алаяқтар кездеседі. Мұндай жағдайлар адал еңбек етіп жүрген кәсіби мамандардың беделіне де кері әсерін тигізеді», – деді Санира Жүсіпова.

Осыған байланысты кандидат риэлторлық қызметті заңнамалық тұрғыдан реттеу, нарықтағы кәсіби қызмет стандарттарын қалыптастыру және сала мамандарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселесін көтерді.

Ал Арсланбек Мағзұм тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін қалалық инфрақұрылым мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, риэлторлар жұмыс барысында тұрғындардың баспана іздеуге қатысты сұраныстарымен қатар, белгілі бір аудандардағы тұрмыс сапасына байланысты мәселелермен де жиі бетпе-бет келеді.

«Аулалардың абаттандырылмауы, қоқыс контейнерлерінің уақытылы тазаланбауы, судың жиі өшуі, коммуналдық жүйелердегі апаттар, автотұрақтардың жетіспеуі, жарықтандыру мен жол белгілерінің болмауы – мұның барлығы тұрғындар жиі көтеретін өзекті мәселелер», – деді Арсланбек Мағзұм.

Ол қалалық ортаны дамыту кезінде тек құрылыс пен абаттандыруға ғана емес, тұрғындардың нақты қажеттіліктеріне де басымдық беру керектігін атап өтті.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар елордадағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелер жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды. «Әділет» кандидаттары тұрғындар мен сала өкілдерінің пікірін ескеру, көтерілген мәселелердің шешілуіне ықпал ету және партия бағдарламасында белгіленген міндеттердің орындалуын бақылау маңызды екенін жеткізді.

* Астана қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.