Күләш Байсейітова атындағы өнер мектебінің «Жас айбын» үрмелі аспаптар оркестрінің мүшелері «Жас сарбаз» республикалық балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының қатарына қабылданды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Салтанатты рәсім Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай, қалалық әкімдік пен Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының қолдауымен ұйымдастырылды.
Жас музыканттар қозғалыстың құндылықтарын ұстануға, оның жобаларына белсенді қатысуға және елінің лайықты азаматы болуға дайын екендігін білдіріп, салтанатты түрде ант берді. Рәсім соңында оларға «Жас сарбаз» қозғалысының куәлігі мен төсбелгісі табысталды.
«Жас айбын» оркестрі Күләш Байсейітова атындағы өнер мектебінің жанынан құрылған. Ұжым алғаш рет Мемлекет басшысының қатысуымен өткен «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының жабылу салтанатында өнер көрсетіп, көпшілікке танылды.
Мерекелік бағдарлама «Жас сарбаз» шығармашылық студиясы мен №71 мектептің жас тәрбиеленушілерінің өнерімен жалғасты. «Жас айбын» музыкалық ұжымы мен Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық әскери оркестрінің бірлесіп орындауындағы «Туған жер» композициясы шығармашылық кештің шырайын кіргізді.
Еске салсақ, сауалнамаға қатысқан әр түрлі буын өкілдері Тәуелсіздікті аса маңызды жеке құндылық ретінде атады.

