Астанадағы Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде ауыр атлетикадан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты мәресіне жетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.
Жарысқа еліміздің әр өңірінен 16 команда құрамында 165 спортшы қатысты. Елорда намысын 11 зілтемірші қорғады.
Чемпионат қорытындысы бойынша Астана қаласының құрамасы бір алтын және екі күміс медаль иеленді.
69 келі салмақ дәрежесінде 14 жастағы Маргарита Ермакова топ жарды. Жас спортшы жұлқа көтеруде 94 келіні, серпе көтеруде 118 келіні бағындырып, қоссайыс қорытындысы бойынша 212 келі нәтижемен Қазақстан чемпионы атанды.

«Дәл осы ел чемпионатына арнайы дайындалдым. Сондықтан алдыма қойған жоспарым толықтай жүзеге асты. Енді мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта бұдан да биік мақсаттарға ұмтыламын», – деді Маргарита Ермакова.
Ерлер арасында 85 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен жастар мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Едіге Емберді күміс жүлдеге ие болды. Оның қоссайыс қорытындысы бойынша нәтижесі 345 келіні (жұлқа көтеруде – 152 келі, серпе көтеруде – 193 келі) құрады.

Елордалық құраманың қоржынына тағы бір күміс медальді 86 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен София Шешукова салды. Ол қоссайыс қорытындысы бойынша 228 келі (жұлқа көтеруде – 101 келі, серпе көтеруде – 127 келі) нәтиже көрсетіп, халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады.

Еске сала кетейік, астаналық семсерлесуші ШЫҰ ашық кубогының қола жүлдегері атанды.