Астанадағы «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешенінде конкурдан FEI Jumping World Cup™️ Eurasian League Final (CSI1-W LF Astana 2026) халықаралық турнирі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) қолдауымен ұйымдастырылған додаға Қазақстан, Ресей, Грузия, Қырғызстан және Өзбекстаннан 22 шабандоз бен 31 сәйгүлік қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 9 медаль – 2 алтын, 3 күміс және 4 қола жүлде иеленді. Оның ішінде 8 медальді елордалық шабандоздар Раиса және Олег Соколенко жеңіп алды.
Елордалық спортшылардың нәтижелері:
Раиса Соколенко – 1 алтын, 1 қола:
- 1-орын – №5 жарыс, 140 см (Uran-Nad Wigrami);
- 3-орын – №2 жарыс, 145 см (Uran-Nad Wigrami).
Олег Соколенко – 1 алтын, 2 күміс, 3 қола:
- 1-орын – №6 жарыс, 130 см (Shenanigan);
- 2-орын – №3 жарыс, 130 см (Coriander Van’t Lozerhof Z);
- 2-орын – №8 жарыс, 155 см (Cinderella);
- 3-орын – №3 жарыс, 130 см (Shenanigan);
- 3-орын – №4 жарыс, 145 см (Cinderella);
- 3-орын – №7 жарыс, 135 см (Shenanigan).
Сондай-ақ Қазақстан құрамасының өкілі Аян Ғани Quattro VDB атты сәйгүлігімен 135 сантиметрлік кедергілерден өту сайысында күміс жүлдегер атанды.
Турнирдің басты бәсекесі – Argymak Maxima Master Eurasia Cup Final (155 см) сайысында елордалық шабандоз Олег Соколенко жоғары шеберлік танытып, екінші орынға ие болды.
Айта кетейік, Раиса мен Олег Соколенко – ерлі-зайыпты спортшылар. Халықаралық додада сегіз медаль иеленген отбасы елорда спортының қоржынына елеулі үлес қосты.
Жарыстың салтанатты марапаттау рәсіміне Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) президенті Ингмар Де Вос қатысып, турнирдің ұйымдастырылу деңгейіне және Қазақстандағы ат спортының даму әлеуетіне жоғары баға берді.
Турнирдің жалпы жүлде қоры 12 500 АҚШ долларын құрады. Халықаралық дода аясында Швецияда өтетін Әлем кубогының Үлкен финалына үш жолдама сарапқа салынды.


