Жетісу облысында «Алматы – Өскемен» автожолында патрульдік полиция қызметкерлері өртенген жүк көлігінен 38 жылқыны аман алып қалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға аталған жолдың 175-шақырымында болған. Полицейлер Volvo жүк көлігінің өртеніп жатқанын байқап, ішіндегі жылқыларды дереу қауіпсіз жерге шығарған. Сондай-ақ қызметтік көліктегі өрт сөндіргіштерді пайдаланып, жалынды сөндіруге әрекет жасаған.
Жүргізуші жылқыларды Күршімнен Шымкентке тасымалдап бара жатқан. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.
Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.